Олимпиада чемпионы, белгілі боксшы Данияр Елеусінов кейінгі уақытта басынан өтіп жатқан қиындықтары туралы ашық айтты. Спортшы ішімдікке әуестігі пайда болғанын мойындап, қазір бұл мәселемен күресіп жүргенін жеткізді. Боксшы бұл туралы әлжелідегі парақшасында жариялаған видеосында айтты.
«Иә, мойындаймын»
Елеусіновтің сөзінше, ішімдікке әуестігі Олимпиададан кейін пайда болған. Ол мұның қалай басталғанын нақты түсіндіре алмайтынын, алайда қазір өз мәселесін мойындап, онымен күресуге тырысып жатқанын атап өтті.
«Иә, мойындаймын, Олимпиададан кейін алкогольге деген әуестігім оянды. Мұның қалай болғанын, бұл дертке қалай шалдыққанымды білмеймін. Бірақ қазір бұл мәселемен күресіп жатырмын», – деді спортшы.
Боксшы қоғам тарапынан айтылатын сынға да тоқталды. Оның пікірінше, мұндай мәселеге тап болмаған адам оны түсінуі қиын. Сондықтан адамдардың бір-бірін сынамай, мұндай жағдайға түсіп қалған жанға қолдауы маңызды.
«Бұл – Алланың сынағы»
Данияр Елеусінов өзінің жағдайын жай ғана ерік-жігердің жетіспеушілігі деп санамайтынын айтты. Ол мұны өміріндегі сынақтардың бірі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Спортшы мансабында көптеген биікті бағындырғанын еске салды. Ол Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы және Азия чемпионы атанғанын атап өтті.
«Өмір ғой. Өмір болған соң түрлі сынақтар болады екен, ал менің маңдайыма осындай сынақ жазылыпты. Ең бастысы – денсаулық», – деді ол.
Елеусінов өзіне қатысты «алкоголик» деген пікірлердің айтылып жүргенін де жасырмады. Дегенмен мұндай жағдай оның спорттағы жетістіктерін жоққа шығармайтынын айтты.
