Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғанда 47 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның 20-сы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жыл соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысы аяқталуға тиіс
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
1 қыркүйекте 47 жаңа мектеп, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 20 мектеп ашылады. Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін, – деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Премьер-министр үш ауысымды оқыту мен оқушы орындарының тапшылығын азайтуда оң үрдіс бар екенін атап өтті.
Өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Бектенов әкімдіктерге жаңа білім беру нысандарын педагог мамандармен және қажетті оқу-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселесін қазірден шешуді тапсырды.
13 мектептегі жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр
Сонымен қатар қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс.
Алайда премьер-министр бірқатар өңірдегі 13 мектепте жөндеу жұмыстарының қарқыны баяу екенін айтты.
Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын тікелей бақылауға алуды тапсырамын, – деді үкімет басшысы.
Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне жаңа оқу жылы басталғанға дейін білім беру нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
