Жүрек — жұдырықтай ғана бұлшықет. Ол ағзадағы қан айналым жүйесін басқарады және еш тынымсыз жұмыс істейді. Қанды артерия арқылы айдап, ағзадағы барлық мүшеге оттек, қорек зат пен ауруға қарсы тұра алатын жасушаларды тасымалдайды. Оттегі кейін тамырмен қайтадан жүрекке жөнеледі. Адам тынығып отырса да, тіпті ұйықтап жатса да, жүрек жұмысын тоқтатпайды. Baribar.kz адам жүрегі жайлы бірнеше қызық дерек ұсынып отыр.
Жүрек тәулігіне 100 мың рет соғады
Livescience мәліметінше, ересек адамдардың жүрек соғысының қалыпты жиілігі минутына 60–100 рет болуы керек. 5-12 жастағы балалардың жүрегі минутына 75–118 рет соғады. Ағзаның жай-күйіне қарай, адам күйзелгенде немесе босаңсығанда жүрек соғуы жиілейді немесе баяулайды. Жүрек кеуде қуысының орта тұсына жақын, екі өкпе арасында орналасқан және солға қарай қисайып тұрады.
Жүрек туралы бес дерек:
- ересек адамның жүрегі тәулігіне 100 мың реттен көп соғады;
- әйелдердің жүрегі ерлерге қарағанда минутына, шамамен сегіз рет жиі соғады;
- қолымыздағы тамырдың соғуы, ырғағы дегеніміз — қанды тасымалдап жатқан артерияның жиырылып, қайта босаңсуы;
- ересек адамның жүрегі бір минутта 5,7 литр қан тасымалдайды;
- адамдар 3 мың жыл бұрын да жүрек ауруларына шалдыққан. Бұл дерекке ежелгі Мысырдағы рентген суреттері дәлел бола алады.
Жаңа туған сәбидің жүрегінің пішіні жаңғақ тәрізді болады
Мультфильмдегі жүрек белгісі адамның шынайы жүрегіне ұқсамайды. Жүрек пішіні шарға ұқсас, бірақ төменгі бөлігі жоғарғы жағына қарағанда жіңішке болады. Дегенмен әр адамның жүрегінің пішіні әртүрлі болуы мүмкін. Жүрек көлемі жас ұлғайған сайын және жүрек ауруларына қарай өзгереді. Ересек адамның жүрегінің салмағы — 200-425 грамм, ал жаңа туған сәбидің жүрегі жаңғақ тәрізді болады.
Жүрек соғуын екі жасуша басқарады
Жүрек соғуын басқаратын жасушаның екі түрі бар. Жүрек бұлшықетінің жасушалары қанды айдау қызметін, ал өткізгіш жасушалар электр импульсі, яғни жүрек соққанын қадағалайды. Жүрек соғуына адамның дене белсенділігі, эмоциялық күйі, жасы, күнделікті қозғалысы мен жалпы денсаулығы әсер етеді. Әдетте, адам ұйықтап жатқанда жүрек соғу жиілігі сәл баяулайды.
Қандай жағдайда жүрек жиі соғады?
Ағзаға физикалық күш түссе және адам белсенді қозғала бастаса, жүрек жиі соғады. Мысалы, жаттығу кезінде бұлшықетке әдеттегіден төрт есе көп оттек қажет. Сондықтан жүрек оттекті жылдам тасымалдап, жиі соғады. Осылай, оттекке қаныққан қан белсенді жұмыс істеп тұрған бұлшықетке тез жөнеледі.
Жүрек соғу жиілігіне қозғалыстан басқа да жайт әсер етеді. Мысалы, тамақ ішкеннен кейін ас қорыту жүйесіне жүрек көбірек оттек жеткізеді. Кофе, газдалған сусын немесе шайдағы кофеин ағзада норадреналин гормонын бөлуге ықпал етеді. Сонымен қатар ауыр эмоция мен күйзеліс те жүрек соғуын жиілетеді. Адам қобалжығанда, ашуланғанда, қорыққанда, көңілі түскенде немесе қатты уайымдағанда ағза адреналин мен кортизол сияқты күйзеліс гормондарын бөледі. Жүректің жиі соғуы ағзаны қауіпті жағдайға қарсы әрекет етуге немесе қауіп-қатерден қорғануға дайындайды.
