Басты бет / Жаңалықтар /
көлік тұрағы, тұрақ
Фото: Ерқанат Аманкел

Көлік тұрағын тегін пайдалану құқығын қалай рәсімдейді?

Алматыда ақылы коммунал көлік тұрақтары көбейеді. Көпқабатты үй тұрғындары мен кәсіп иелеріне тұрақты тегін пайдалану құқығы берілмек. Тиісті нормалар Алматы қаласы мәслихатының 2026 жылғы 30 шілдедегі №324 шешімімен бекітілген Жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа қағидаларында белгіленген.  Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Көлік тұрағын тегін пайдалану құқығын қалай рәсімдейді?

Ол үшін арнайы өтініш беру қажет. Жеңілдік ережеде көрсетілген шарттар орындалған жағдайда беріледі. Бастысы көлік өтініш берушінің атына заңды түрде тіркелген болуы керек.

Негізгі талаптар:

  • үй-жай орналасқан жерден 500 метрге дейінгі аралықта бір көлік тұрағын таңдауға болады;
  • бір үй-жайға бір көлік құралы қарастырылады;
  • нақты бір тұрақ орны пайдаланушының меншігіне немесе атына бекітілмейді.

Өтінішті 2026 жылғы 17 тамыздан бастап «Алматы паркинг» КМК-ның интернет-ресурсы немесе eOtinish арқылы беруге болады.

Тегін пайдалану құқығы меншік иесімен бірге тұратын жақын туысына да меншік иесінің жазбаша келісімі негізінде берілуі мүмкін.

Үй-жайды жалға алушыларға тегін пайдалану құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен жалдау шарты негізінде, осы шарттың қолданылу мерзіміне беріледі.

Мүлік немесе көлік ортақ меншікте болса, басқа иелерінің жазбаша келісімі керек.

Коммунал ақылы көлік тұрақтарын тегін пайдалану тәртібі туралы толық ақпарат «Алматы паркинг» КМК-ның интернет-ресурсында жарияланады.

Алматыда көлік тұрақтары саны артады

Қаладағы көлік тұрақтары желісі де жаңартылады. Биыл қосымша 8 мыңнан астам коммунал ақылы көлік тұрағы орнын ұйымдастыру жоспарланған.

Осылайша олардың жалпы саны 17 мыңнан 25 мыңға дейін көбейеді.

Жаңадан қосылатын көлік тұрақтарының қатарында тротуар бойындағы және арнайы бөлінген алаңдардағы тұрақтар бар.

Кімдер көлік тұрағы ақысынан босатылады?

Ережеге сәйкес, тиісті құжаттары бар азаматтардың жекелеген санаттары коммунал ақылы тұрақтарды тегін пайдалана алады.

Олардың қатарында:

  • Ұлы Отан соғысы ардагерлері;
  • басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
  • жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  • еңбек ардагерлері;
  • бірінші немесе екінші топ мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған тұрғындар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар;
  • «Ана даңқы» I немесе II дәрежелі орден иелері;
  • Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтар;
  • электромобиль иелері.

Осылайша, енгізіліп жатқан жаңа жүйе сараланған тәсілге негізделген. Көпқабатты үй тұрғындары мен коммерциялық нысан иелері (және жалға алушылар) үйіне жақын орналасқан, өздері таңдаған бір коммунал тұрақты тегін пайдалана алады. Ал жеңілдігі бар азаматтар бұрынғыша төлемнен босатылады.

Қанша уақыт тегін тұруға болады?

Тротуар бойындағы коммунал ақылы көлік тұрақтары 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Алаңдағы, жерасты, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған, көпдеңгейлі және механикаландырылған көлік тұрақтарының жұмыс режимін басқарушы ұйым белгілейді.

Коммунал ақылы тұрақтарды пайдалану ақысы бекітілген тарифке сәйкес көліктің тұрақта тұрған әр минутына есептеледі.

Тротуар бойындағы ақылы тұрақтарда жолаушы түсіріп-отырғызу немесе жүк тиеу-түсіруге алғашқы 5 минут тегін болады.

Көлік бес минуттан артық тұрса, алғашқы бес минутты қоса алғанда, тұрақта тұрған барлық уақыты үшін ақы төленуге тиіс.

Жаңа қағидалар қаладағы көлік тұрағы кеңістігін реттеуге, тұрақтардың қолжетімділігі мен айналымын арттыруға, көпқабатты тұрғын үйлердің меншік иелері мен жалға алушыларына үйіне жақын жердегі тұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігін ұйымдастыруға бағытталған.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook