Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйедегі техникалық ақауға байланысты тасжолдарда қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, қате рәсімделген нұсқамалар автоматты түрде жойылады.
Нұсқамалар не себепті қате қалыптастырылды?
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, 13-14 тамыз аралығында бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде техникалық ақау болған. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру фактілері бір сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген.
Оның айтуынша, азаматтардың полиция бөлімшелеріне барып, жағдайды дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған нұсқамалардың барлығы анықталған және олар автоматты түрде жойылады.
Қате айыппұл төлегендерге ақша қайтарылады
ІІМ өкілінің айтуынша, техникалық ақау салдарынан қате жазылған айыппұлды төлеп қойған жүргізушілердің қаражатын қайтару мәселесі де қарастырылып жатыр. Қазір ақшаны қайтару тетігі пысықталуда.
Ведомство бұл мәселені бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
