Қазақстан мектептерінде бастауыш сынып оқушыларын бағалау жүйесіне өзгерістер енгізіледі. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2–4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері қолданыла бастайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқу-ағарту министрлігі бұл өзгерістердің ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары, мектептердегі практикалық тәжірибе, оқушылардың оқу жетістіктерін бақылау нәтижелері және отандық әрі халықаралық зерттеу қорытындылары негізінде әзірленгенін хабарлады.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Министрлік өкілінің айтуынша, мектептерде критериал бағалау жүйесі сақталады. Алайда 2026–2027 оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілі жаңартылады.
Шынар Ақпарова форматив бағалаудың тоқсандық қорытынды бағадағы үлесі артатынын атап өтті.
«Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Тек балл қою тәсілі нақтыланады», – деді спикер.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2–4-сынып оқушыларының білімін бағалауда жаңа тәсілдер қолданылады, ал бірінші сыныпта баға қойылмайды. Өзгерістердің негізгі мақсаты – оқушының оқу жетістігін бағалауды жетілдіру және бағалау жүйесін оқу үдерісіне барынша тиімді бейімдеу.
