Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ол қағып кеткен ер адамның жағдайы өте ауыр. Жәбірленуші жол-көлік оқиғасынан кейін жансақтау бөліміне жатқызылған. Зардап шеккен ер адам екі күннен бері дәрігерлердің бақылауында.
Зардап шеккен ер адам ауыр жарақат алған
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам ауруханаға 15 тамыз күні сағат 20:21-де жеткізілген.
Дәрігерлер оның ауыр бас сүйек-ми жарақатын алғанын анықтаған. Сонымен қатар екі жақ қабырғасы мен оң аяғы сынған. Өкпе мен кеуде қуысының арасына қан жиналған.
Жағдайы өте ауыр. Көп жарақаттан қатты шок алған, – дейді дәрігерлер.
Қазір ер адам жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

Бақытжан Базарбек жол апатын растады
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында экс-депутат Бақытжан Базарбек мінген көлік жаяу жүргіншіні қағып кеткені туралы ақпарат тараған болатын.
Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жол апаты болғанын растады. Ол зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухананың дәрігерлеріне, сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғысын білдірді.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
