Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жиынға премьер-министр Олжас Бектенов, президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.
2027-2029 жылдарға арналған бюджет параметрлері талқыланды
Кеңес барысында президентке ел экономикасының қазіргі ахуалы туралы баяндалып, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен республикалық бюджет параметрлері таныстырылды.
Талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу, сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті, – делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қамтамасыз етумен қатар, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау мен теңгерімділікті сақтау маңызды екенін атап өтті.
Президент әлеуметтік нысандар құрылысын жеделдетуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының біріне әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысын жеделдетуді жатқызды.
Атап айтқанда, ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт ғимараттары секілді нысандарды салу жұмыстарына басымдық беру қажеттігін айтты.
Президент бұл бағыттағы жобалардың уақытылы іске асырылуына және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына назар аударды.
