Басты бет / Жаңалықтар /
сыйақы, айыппұл
Фото: Жасанды интеллект

Заңсыз істі фото-видеоға түсіріп, ұсынған адам қанша сыйақы алады?

Қазақстанда заңсыздықты болдырмауға немесе оны анықтауға көмектескен азаматты қаржылай және өзге де тәсілмен ынталандыру жүйесі бар. Қазір бұл ереже 13 өңірде қабылданған. Азаматтар фото немесе видео арқылы заңсыздықты хабарлап, ережеде көрсетілген талапты орындап 20 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 86 500 теңгеге дейін сыйақы ала алады. Алайда әр жолданған фото немесе видео үшін ақша автоматты түрде төленбейді.
Baribar.kz тілшісі азаматтар қандай заңсыздықты хабарлағанда сыйақы алатынын және әр өңірде бекітілген сыйақы сомасы жайлы білді.

Қандай жағдайда ақша төленеді?

Мынадай екі санаттағы азаматтар заңсыздықты болдырмауға және анықтауға көмектесе алады:

  1. полицияның қоғамдық көмекшілері;
  2. заңсыздықтың куәсі болып, оны фото немесе видеоға түсіріп, мемлекеттік органға жолдаған қарапайым азаматтар.

Екінші жағдайда азамат қаржылай сыйақы ала алады. Ол үшін жолданған материал ақпараттың алғашқы дереккөзі болуы керек. Оқиға бұған дейін автоматты камерада, полиция қызметкерлерінде, басқа лауазымды тұлғалар немесе өзге жанда тіркелмеуі керек.

Уәкілетті орган алдымен заңсыздықты тексереді. Материалда оқиғаның қалай болғаны, оның қай жерде және қашан болғаны анық көрінуі керек. Астана әкімдігі фото және видеода заңсыздық дерегімен бірге күні, уақыты, орны және оқиға болған жерді анықтауға көмектесетін сілтеменің көрсетілгені дұрыс екенін жазды.

Егер ақпарат расталып, құқық бұзушы жауапқа тартылып, салынған айыппұлды толық төлесе, оқиғаны хабарлаған азамат сыйақы алуға өтініш бере алады.

Полицияның қоғамдық көмекшілеріне талап бөлек

Ресми қоғамдық көмекшілер үшін жеке ынталандыру тәсілі қарастырылған. Олар заңсыздықты хабарлап қана қоймай, полицияның бірқатар жұмысына нақты қатысып және бұл көмегі құжат жүзінде расталуы керек.

Қоғамдық көмекшінің қатысуын учаске инспекторы растайды. Әр тоқсанның қорытындысы бойынша инспектор рапорт дайындап, азаматтың қандай көмек көрсеткенін және заңсыздықты анықтауға немесе тоқтатуға қалай қатысқанын көрсетеді.

Қоғамдық көмекшілерге қаржылай сыйақы тоқсанына бір рет беріледі. Оның мөлшері құқық қорғау органдарына көрсеткен көмегіне қарай белгіленеді.

Сыйақы мөлшері

Сыйақының нақты мөлшерін арнайы комиссия азаматтың заңсыз әрекетті анықтауға қосқан үлесі мен қосымша деректерді ескере отырып бекітеді.

Астана мен Алматыда ең жоғары төлем — 20 АЕК (86 500 теңге). Сыйақы жергілікті бюджеттен төленеді.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қарағанды облысында ең жоғары сыйақы — 10 АЕК (42 350 теңге) болып белгіленген. Атырау облысында төлем 20 АЕК-ке дейін жетеді.

Демек, сыйақы мөлшері барлық өңірде бірдей емес. Оны әкімдік бекіткен ереже бойынша төлейді.

Азамат бір заңсыздыққа қатысты бірнеше хабарлама, өтініш жолдай алады. Дегенмен сыйақы әр хабарлама үшін төленбейді.

Заңсыздықты таспалау жеткіліксіз

Заңсыз әрекетті фото немесе видеоға түсіріп, хабарлау жеткіліксіз. Сыйақы алу үшін азамат әкімшілік істі қарайтын мемлекеттік органға арнайы өтініш беруі керек.

Мысалы, таспаланған материал полицияның құзыретіне жатса, өтініш ішкі істер органына жолданады. Ал істі басқа мемлекеттік орган қарайтын болса, азамат сол органға жүгінуі қажет.

  • Ескеретін жайт: анонимді хабарламаға сыйақы берілмейді

Өтініш түскеннен кейін мемлекеттік орган материалды тексеріп, жайттың болған немесе болмағанын растайды. Кейін әкімшілік іс бойынша шыққан қаулы заңды күшіне еніп, құқық бұзушы айыппұлды толық төлегеннен кейін материалдар тиіс комиссияға өтеді.

Комиссия азаматты ынталандыру немесе ынталандырмау туралы шешім қабылдап, сыйақының мөлшерін белгілейді. Комиссия құрамына атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары кіруі мүмкін.

Шешім қабылданғаннан кейін қаражат азаматтың банк шотына аударылады. Азамат қалаған жағдайда қаражатты қайырымдылық ұйымына жібере алады. Төлем тиіс шешім қабылданғаннан кейін 30 күнтізбе күнінен кешіктірілмеуге тиіс.

Азаматтарды ынталандыруға сыйақыдан бөлек қарастырылған тәсілдер

Азаматтарды ынталандыру тек ақшалай төлеммен шектелмейді. Заңсыздықты болдырмауға немесе оны анықтауға үлес қосқан адамға:

  • алғыс жариялау;
  • грамотамен марапаттау;
  • оқуға немесе біліктілігін арттыруға жіберу;
  • жұмыс немесе оқу орны бойынша марапаттауға ұсыну;
  • мемлекеттік наградаға немесе құрметті атаққа ұсыну қарастырылған.

Сонымен қатар әкімдіктер заңнама бойынша, өзге де ынталандыру тәсіліне жүгіне алады.

Қай өңірлерде ереже қабылданды?

Азаматтарды ынталандыру туралы қаулы 13 өңірде қабылданған. Олар:

  • Астана;
  • Алматы;
  • Ақтөбе облысы;
  • Алматы облысы;
  • Атырау облысы;
  • Батыс Қазақстан облысы;
  • Қарағанды облысы;
  • Қостанай облысы;
  • Қызылорда облысы;
  • Маңғыстау облысы;
  • Павлодар облысы;
  • Түркістан облысы;
  • Жетісу облысы.

***

Тағы оқыңыз: 

Қызылордада жолдағы заңсыздықты тіркейтін жүйе іске қосылды

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook