Ақтөбеде жазатайым оқиға кезінде жарақат алып, ІІ топ мүгедектігі рәсімделген жұмысшы жұмыс берушіден моральдық және материалдық шығынды өндіріп алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сот талап қоюшының пайдасына жалпы 10,255 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды.
Жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген
Ақтөбелік жұмысшы жазатайым оқиға кезінде жарақат алғаннан кейін жұмыс берушіден материалдық залалды өтеуді және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап еткен.
Істі қарау барысында компания тарапынан еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты талаптардың сақталмағаны анықталды. Сонымен қатар еңбек заңнамасының талаптары бұзылған. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша, жұмысшыға ІІ топ мүгедектігі рәсімделген. Соның салдарынан ол кәсіптік жұмысын атқара алмай қалған, — делінген хабарламада.
Сот 10,2 млн теңге өндіруге міндеттеді
Сот жұмысшының алған жарақатын және оған мүгедектік рәсімделгенін ескерді.
Сот шешімімен жұмыс берушіден талап қоюшының пайдасына 10 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян, сонымен қатар дәрі-дәрмек сатып алуға, емделуге және жол шығындарына жұмсалған 255 мың теңге материалдық залал өндірілді, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
