Басты бет / Жаңалықтар /
пелиатр дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Зерттеу. Аллергия генмен беріле ме?

Шөпке, шаң-тозаңға немесе белгілі бір жеміс-жидекке аллергиясы бар ата-анадан туған балаларда да аллергия пайда болуы мүмкін. Көп жағдайда генетика мен қоршаған орта әсерінен адамдар аллергияға шалдығады. Baribar.kz аллергия ата-анадан балаға генмен беріле ме, жоқ па деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Аллергия қалай пайда болады?

Аллерголог мамандардың сөзіне қарағанда, адамның иммундық жүйесі шаң-тозаңды немесе белгілі бір тағамды зиян әрі қауіпті зат деп қабылдап, оны ағзадан шығаруға тырысады. Осы сәтте ағзада тағамға реакция, яғни аллергия пайда болады. Кейін ағза қызметін дұрыс атқара алмай, ылғи аллергеннен тітіркенуге үйреніп қалады.

Неліктен теріге экзема, дерматит шығады?

Балалар ауруханасының иммунологы Лиа Коттянның сөзіне қарағанда, әртүрлі аллергияның бәріне бір аллерген себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар бір затқа аллергиясы бар адамның басқа заттарға да аллергия реакциясы пайда болуы ықтимал. Аллергияның бірнеше негізгі түрі бар. Мысалы, бөртпе, есекжем, дерматит, тыныс алу жолының қабынуы, түшкіру, аллергия астмасы, аллергия риниті.

Аллергияның дамуына көбіне генетика, гендегі мутация әсер етеді. Алайда барлық адам ген арқылы аллергияға шалдыға бермейді. Өйткені генетика мен аллергия арасындағы байланыс өте күрделі. Жиі зерттелген гендердің бірі — филаггрин (FLG). FLG теріде ылғал сақтайтын қорғаныш қабатын қалыптастырады. FLG гені мутацияға ұшыраса, терінің қорғаныш қабаты бұзылады. Сондықтан тері жарақаттануға, құрғап, жарылуға бейім болады. Кейін денеге экзема, дерматит шыға бастайды. Демек, зақымданған терінің иммундық жүйесі кез келген аллергенді «қауіпті» деп қабылдайды.

Аллергендермен дұрыс емес байланыс орнату

Аллергия генмен берілген адамдар мен олардың ата-аналарында әртүрлі затқа аллергия болуы мүмкін. Мысалы, адамның жаңғаққа аллергиясы бар немесе жоқ болуы оның бала кезінде жаңғақты қаншалық көп жегеніне байланысты қалыптасады. Сонымен қатар аллергияның асқыуына қоршаған орта және аллергендермен дұрыс емес байланыс орнату да ықпал етеді.

«Егер иммундық жүйе белгілі бір тағаммен, жеміспен біркелкі байланыспаса, ағза сол тағамға төзімділік қалыптастыра алмайды. Осылайша, иммундық жүйе дұрыс жұмыс істемей, аллергия реакциясы туындайды», — дейді дәрігер.

  • Біркелкі байланысу — бір жемісті, мысалы апельсинді шамадан тыс көп жеу немесе өте аз жеу.

Аллергенге төзімділікті қалай арттыруға болады?

Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, адам өмірінің алғашқы кезеңінде қоршаған ортадағы әртүрлі микроорганизмдермен жанасып, оны танып, білу арқылы ішек пен теріге пайдалы микробиом қалыптастыра алады. Мұндай микробиом азғаның аллергендерге төзімділігін арттырады. Демек баланы кішкентай кезінен бастап қоршаған ортадағы микроогранизмдерден оқшаулауға болмайды. Керісінше, бала топырақ, шөп, ағашты ұстап, танығаны жөн. Сонда ересек болған соң аллергияға шалдығу қаупі сейіледі.

  • Микробиом — адам ағзасындағы мыңдаған микроорганизмдердің жиынтығы (бактерия, саңырауқұлақ, микробтар).

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram