Басты бет / Жаңалықтар /
бөпеforum, әке мен бала
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әйелі бала көтеріп қойғаннан сақтайтын әдіс. Вазэктомия деген не?

Baribar.kz «Интим 16+» айдарын жалғастырады. Бұл жолғы тақырып — вазэктомия. Бала көтергеннен контрацепция арқылы сақтану жауапкершілігі көбіне әйелге жүктеледі. Алайда кейде контрацепция әдістері әйелдің денсаулығына кері әсер етіп, ағзадағы гормондар өзгеріп кетеді. Сондықтан еркек репродуктивті жауапкершілікті мойнына алып, вазэктомия жасата алады.
Осыған орай, Baribar.kz тілшісі андролог, уролог Бахадыр Ойықбаевпен вазэктомия туралы сұхбаттасып, вазэктомия жасатқан ерлі-зайыптының пікірін сұрап, білді.

1970-жылдары АҚШ-та 1,5 миллион ер адам вазэктомия жасатқан

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 1890-жылдар мен ХХ ғасырдың басында дәрігерлер вазэктомияны контрацепция ретінде емес, медициналық ем үшін жасаған. Алайда кейін зерттеулер бойынша, вазэктомияның мұндай әсері жоқ екені анықталды. 1960 жылы Үндістан, Ұлыбритания, АҚШ пен Қытайда ерлер контрацепция ретінде вазэктомия жасай бастаған. Мысалы, 1970-жылдары АҚШ-та 1,5 миллион ер адам ерікті түрде вазэктомия жасатқан.

Вазэктомия деген не?

Уролог, андролог дәрігер Бахадыр Ойықбаевтың айтуынша, вазэктомия – әйелді жүкті болудан сақтау үшін ердің жыныс мүшесіндегі ұрық шығаратын түтікті кесіп, байлау арқылы жасайтын контрацепция әдісі.

Вазэктомия жасау үшін пациент В гепатиті, АИТВ (ВИЧ), жалпы қан талдауы және тағы басқа талдауларды (анализ) тапсырады. Операцияны анестезия арқылы, шамамен 30 минутта жасаймыз. Содан соң пациент бірнеше сағат бақылауда жатып, кейін үйіне қайта береді, — дейді ол.

дәрігер
Дәрігер Бахадыр Ойықбаев / Фото: Жеке архив

Вазэктомияны репродуктивті жастағы ер адамдарға жасайды

Дәрігер вазэктомия жасайтын жас шектеуі жоқ екенін айтты. Бұл контрацепция әдісі болғандықтан, ерікті түрде репродуктивті жастағы ер адамдарға жасалады.

Аталық бездің жанынан бір-екі сантиметр тілік жасап, ұрық шығатын түтікті кесіп, екі жағынан байлап, қайта жабамыз. Ұрық бөлінеді, бірақ құрамында спермотозоид болмайды. Ұрық жолы жабық болғандықтан, сперматозоид спермиофаг деген жасуша арқылы жұтылып, сіңіп, жойылып кетеді, — дейді дәрігер.

  • Ұрық – эякуляция кезінде бөлінетін сұйық. Ұрықтың құрамында миллиондаған сперматозоид пен оны тасымалдауға көмектесетін без сұйығы бар.
  • Сперматозоид – аталық безде түзілетін ер адамның аталық жыныс жасушасы.

Дәрігер ерлі-зайыптының ортақ келісімін нақтылайды

Дәрігер вазэктомия жасау жайлы шешім қабылдап, алдына келген ерлі-зайыптының неше баласы бар екенін сұрайды, ер адамның психикалық ауытқуы жоқ екеніне көз жеткізеді және ерлі-зайыптының ортақ келісімін нақтылайды.

Контрацепция әдістері әйел адамның денсаулығына зиян болса, неге вазэктомия жасамасқа? — дейді Бахадыр Ойықбаев.

Неге ерлер вазэктомияға қарсы болады?

Қоғамда вазэктомия жайлы көзқарас әлі қалыптаспаған. Өйткені медициналық дәлелге негізделген ақпарат жеткіліксіз. Сондықтан кейбір ер адам вазэктомияға үзілді-кесілді қарсы болады. Дәрігердің айтуына қарағанда, бірі пышаққа түсіп, операция жасатқысы келмейді, ал енді бірі вазэктомия мен кастрация бір деп қателеседі.

Қазақстанда вазэктомия жасататын ерлер өте аз. Өйткені қазақ менталитеті, қоғам, ерлер оған әлі дайын емес. Біріншіден, бұл үлкен операция болмаса да, жігіттер «пышаққа түскім келмейді» дейді. Екіншіден, жұрт вазэктомия мен кастрацияны шатастырады. «Белсіз болып қаламын» деп қорқады, — дейді Бахадыр Ойықбаев.

«Вазэктомия жасатпаса, бала саны, халық саны көбейеді деген тұжырым шындыққа жанаспайды»

Бұдан бөлек, «Қазақтың санын көбейту керек» деген ұранды желеу етіп, вазктомия жасауға қарсы болатын ерлер де бар. Бахадыр Ойықбаевтың пікірінше, вазэктомия жасатпаса, бала саны, халық саны көбейеді деген тұжырым шындыққа жанаспайды.

Вазэктомия жасатпаса, бала саны көбейеді деген шындыққа жанаспайды. Бір отбасында жоспарсыз бала тууы халық санын аз ғана көбейтуі мүмкін. Алайда ана денсаулығы не болмақ? Дүниеге келген баланың жақсы өмір сүруіне, қалыптасуына қаржылай жағдай жасала ма? Осындай сұрақтар туындайды. Сондықтан «Вазэктомия жасаса, қазақтың саны азаяды» деген пікірге толық келісе алмаймын! — дейді дәрігер.

Вазэктомия мен кастрацияның айырмашылығы

Вазэктомия еркектің өмір сүру сапасына, гормондарына және дене күш-қуатына кері әсер етпейді. Ал кастрация жасаған соң ағзадағы тестостерон гормоны азаяды немесе нөлге түседі.

Вазэктомияда тек ұрық шығару өзегі кесілсе, кастрацияда тұтас жыныс мүшесінің қызметі тоқтайды. Мысалы, мұны педофилдерге жасайды. Кастрацияны операция арқылы жасау үшін аталық безді толық жою керек. Өйткені тестостерон аталық безде түзіледі. Бес-алты жыл бойы әр алты айда арнайы антиандрогенді препарат егу арқылы химиялық кастрация жасауға да болады, — дейді дәрігер.

Вазэктомиядан кейінгі өзгеріс

Урологтың сөзіне қарағанда, ұрық түтігі 15 жылдан көп уақыт бітеліп тұрса, ұрық түзілісі бұзылуы мүмкін. Алайда әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, бұл құбылыс барлық еркекке тән емес.

Вазэктомия жасатқан пациенттердің, шамамен 5-15%-ының жыныстық қатынастан кейін аталық безі жеңіл немесе орташа ауырады. Бұл ооперациядан кейін тек бастапқы кезеңде сезіледі. Вазэктомиядан кейін ұрық түзілісінде ешқандай мәселе болмайды. Ұрық түтігі 15-20 жыл бойы бітеліп тұрса ғана, ұрық түзілісі бұзылуы мүмкін, — дейді Бахадыр Ойықбаев.

Ұрық түтігін қайта қалпына келтіруге болады

Дәрігерлер вазэктомия жасаған соң бірнеше жылдан кейін адамның ұрық түтігін қайта қалпына келтіре алады. Дегенмен дәрігердің сөзіне қарағанда, вазэктомия жасау мен ұрық түтігін қайта қалпына келтіру аралығындағы уақыт алшақтығына мән беру керек. Жыл өткен сайын ұрық түтігін қалпына келтіру мүмкіндігі азая береді.

Вазэктомия жасаған соң ұрық түтігін қайта жалғап, вазовазостомия жасауға болады. Негізі ерлер вазэктомияны қайтарымсыз контрацепция әдісі деген ниетпен жасатқаны жөн. Мейлінше «Қазір жасатып, бес жылдан кейін қайта қалпына келтірем» деген ой болмауы керек. Пациент вазэктомия жасаған соң үш-төрт жылдан кейін вазовазостомия жасауға бекінсе, ұрық жолдарының 97%-ы, ал бес-алты жылдан соң қайта оперция жасаса, ұрық түтігінің 88%-ы қалпына келеді. Өйткені ұрық кесіп, байланған тұста ғана емес, түтіктің басқа бөліктерінде де бітелуі мүмкін, — дейді дәрігер.

Ұрық жолы қалпына келмесе, не болады?

Дәрігер ұрық жолы қалпына келмесе, ұрық түтігін аталық бездің қосалқы бөлігіне жалғайтынын айтты.

Вазэктомия да, вазовазостомия да адамның денсаулығына, тестостерон гормонының бөлінуіне, ұрық түзілуіне кері әсер етпейді. Тек ұрықтың құрамында сперматозоид болмағандықтан, түсі мөлдір болып өзгереді. Кейде вазэктомия жасаған соң 10-15 жылдан кейін вазовазостомия жасау (ұрық түтігін қалпына келтіру) сәтсіз болуы да мүмкін. Ұрық жолы қалпына келмесе, вазоэпидидимоанастомоз деген операцияны жасаймыз, яғни кесілген ұрық түтігін аталық бездің қосалқы бөлігіне жалғаймыз, — дейді Бахадыр Ойықбаев.

«Бізге үш бала жетеді деп шештік»

Диас Бекетаев пен Айым Бекетаева – ері вазэктомия жасап, оны қоғамға ашық жариялаған ерлі-зайыпты. Олардың үш баласы бар. Вазэктомия жасауды Айым ұсынған.

отбасы
Фото: Жеке архив

Біз көп ойлана отырып, ортақ шешімге келдік. Себебі басқа контрацепция түрлері бізге сай келмеді. Вазэктомияға ешқандай күмән жоқ. Бұл — қайтарымды әдіс. Еркектің ұрығына криоконсервация да жасадық. Осы үш баламызды толық аяққа тұрғызып, өсіргіміз келеді. Қазір бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Сондықтан бізге үш бала жетеді деп шештік, — дейді ерлі-зайыпты.

  • Криоконсервация — сперматозоидты немесе ұрықты өте төмен температурада мұздатып, көп уақыт сақтау әдісі.

«Басында туыстар бұл шешімді қабылдай алмады»

⁠Диас пен Айым Астана қаласында үш дәрігерден кеңес алған. Оның ішінде бір дәрігер оларды райынан қайтармақ болған.

Диас менің үш баланы босанып келгеннен кейіңгі хәлімді көріп, 100%-дық контрацепция түрін қалайтынын айтты. Сонымен қатар ағзама зиян келтіретін дәрі-дәрмек ішкенімді, жатырішілік құрал (спираль) салғанымды қаламады, — дейді Айым.

ерлі зайыпты
Фото: Жеке архив

Диас вазэктомия жасаған соң дене және эмоциялық тұрғыда еш өзгеріс байқамағанын айтты.

Бастапқыда туыстар бұл шешімді қабылдай алмады. Біраз уақыт өткеннен кейін олармен асықпай сөйлесіп, вазэктомияны түсіндіру үшін әртүрлі ақпарат жібердік. Қазір жақындарымыз біздің таңдауымызды түсінді, қабылдады, — дейді Диас пен Айым.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram