Басты бет / Жаңалықтар /
Алматы таулары, тұрғын үй, ауа сапасы, ауа райы
Фото: Ерқанат Аманкел/Baribar.kz

Алматы тауларында 2 турист құтқарылды: бірі із-түзсіз кеткен, екіншісі аяғын жарақаттаған

Алматы тауларында бір күнде екі турист құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Олардың бірі байланысқа шықпай қалғаннан кейін іздестірілсе, екіншісі тауда аяғын жарақаттап алған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Байланысқа шықпаған турист сарқырама маңынан табылды

ТЖМ мәліметінше, бір күн бұрын турист Үлкен Алматы шыңы маңына барғаннан кейін байланысқа шықпай қалған. Оны іздеуге ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жұмылдырылды.

Құтқарушылар Аю-Сай және Проходное шатқалдарын, сондай-ақ Терра алаңы мен Алешкин көпірі аумағын тексерді. Іздеу жұмыстары барысында турист Проходное шатқалындағы сарқыраманың маңынан табылды. Туриске медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар оны таудан төмен түсіріп, Алматы қаласы ТЖД қызметкерлеріне тапсырды, — делінген хабарламада.

Іздеу тобын қайтып келе жатқанда тағы бір турист туралы хабар түсті

Алайда құтқарушылардың жұмысы мұнымен аяқталмады. Іздеу бағытынан кері қайтып келе жатқан кезде оларға Космостанция маңында тағы бір туристің жарақат алғаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар аяғын жарақаттап алған әйелді тапты. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, таудан төмен түсірілді. Кейін зардап шеккен әйел Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды.

Құтқарушылар тауға шығатын туристерге қауіпсіздік талаптарын сақтап, сапар алдында ауа райы мен маршрут жағдайын ескеруге, сонымен қатар жақындарына өз бағыты туралы хабарлап отыруға кеңес береді.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok