Мәдениет пен өнер саласына қатысты маңызды жаңалықты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бөлісті. Оның айтуынша, бүгін Президент мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министр бұл шешім үшін Мемлекет басшысына мәдениет саласының өкілдері атынан алғыс білдірді.
«Құрметті достар!
Сіздермен қуанышқа толы жақсы жаңалықты бөліскім келеді. Бүгін Президент мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады. Мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды әрі көптен күткен осынау шешім үшін еліміздің бүкіл мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін!»
Аида Балаеваның сөзінше, бұл – шешім мәдениет пен өнердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға және осы салаға бар ғұмырын арнаған азаматтардың еңбегін лайық бағалауға бағытталған мемлекет саясатының жалғасы.
Мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді
Министрдің айтуынша, бүгінде еліміздің мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Қазақстанда 85 театр, 286 музей, 67 концерт ұйымы және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді.
«Бұл сандардың артында ұлттық мәдениеттің дамуына талмай еңбек етіп жүрген қаншама адамның қажырлы қызметі тұр. Олардың еселі еңбегі ұлттық өнерді өркендетіп, мәдени мұрамызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етіп келеді. Сондықтан мұндай еңбек мемлекеттік деңгейде лайықты бағалануға тиіс екені сөзсіз.»
Мәдениетті қолдау Конституцияда бекітілді
Аида Балаева бүгінгі шешімге жаңа Конституцияның қабылдануы да ерекше мән беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына қосылып, конституциялық деңгейде бекітілген.
«Президент атап өткендей, енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендиялардың көлемі де екі есе артты. Жыл сайын мұндай стипендияны 75 азамат алады.»
Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астана қаласында, ал 60 пәтер Алматы қаласында табысталған. Биыл Мәдениет пен өнер қызметкерлері күніне орай мемлекеттік наградалармен жүзден астам мәдениет саласының өкілі марапатталған.
«Халық әртісі» атағы қайта жаңғыртылды
Мемлекеттік деңгейдегі бағалау жүйесі де кезең-кезеңімен жаңарып келе жатқаны айтылды.
«Мемлекеттік деңгейдегі бағалау жүйесі де кезең-кезеңімен жаңарып келеді. «Халық әртісі» құрметті атағы отыз жылдан кейін қайта жаңғыртылды. Енді бұл тізім «Шәмші Қалдаяқов» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағымен толықты. Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыканы, композиторлық пен орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілетін жоғары баға болмақ. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретшілердің, графиктердің, мүсіншілердің және басқа да бейнелеу өнері өкілдерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде лайықты бағалауға мүмкіндік береді.»
«Жаңа марапаттар – Президенттің мәдениет саласына деген айрықша назарын көрсетеді»
Аида Балаева жаңа мемлекеттік марапаттар өнер адамдарының еңбегін бағалауға және мәдениет саласының жаңа буынына серпін беруге ықпал ететінін айтты.
«Жаңа марапаттар – Президенттің мәдениет саласына деген айрықша назарын және өнер адамдарына жан-жақты қолдауын тағы бір дәлелдей түсетіндей. Бұл әріптестеріміздің көп жылғы шығармашылық еңбегінің лайықты бағасы болып, мәдениет саласының жаңа буынына тың серпін берері сөзсіз.»
Министр сөз соңында Мемлекет басшысына тағы да алғыс білдірді.
«Құрметті әріптестер! Барша мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына тағы да зор алғысымды білдіремін. Бұл – баршамыз үшін шын мәнінде үлкен оқиға. Мәдениет пен өнер адам жанын емдейді, рухани байытады, өмірді сүюге, жақсылық пен ізгілікке жетелейді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының мәдениетті дамытуға ерекше басымдық беріп отырғаны біз үшін зор қуаныш.»
