Алматыда пәтер немесе үйге тұрақты және уақытша тіркелетін адам санына шектеу қою ұсынылды. Өзгерісті қала әкімдігі әзірлеп, құжат 11 тамызда «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қазір жоба қоғам талқысында, тұрғындар ұсыныстарын 26 тамызға дейін жолдай алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұсынылған жаңа тәртіп бойынша, тұрғын үйде тіркелген әр адамға кемінде 15 шаршы метр тиесілі болуы қажет.
Мәселен, ауданы 60 шаршы метр болатын пәтерге төрт адамға дейін тіркеуге мүмкіндік беріледі. Алайда бұл талап үй иесінің отбасы мен жақын туыстарына қолданылмайды. Бұл норма қазірдің өзінде Астана қаласында бар.
Әкімдік бұл өзгерісті бір мекенжайда іс жүзінде тұрмайтын көп адамды жаппай тіркеу дерегін азайту мақсатында ұсынып отыр.
Бұған дейін Наурызбай ауданындағы бір бөлмелі пәтерде 990 адамның тіркелгені белгілі болған.
Құжат жобасында жаңа талаптың нақты қалай бақыланатыны әзірге нақтыланбады. Әдетте азаматтарды тіркеумен ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі мен полиция айналысады.
Болашақта тіркеу жүйесін цифрландыру арқылы тұрғын үйдің көлемі мен онда тіркелген адам саны автоматты түрде салыстырылуы мүмкін. Бұл белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда жаңа адамды тіркеуге жол бермейді.
Сонымен бірге жасанды интеллект технологиясын қолдану да қарастырылып жатыр.
