2027 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын талапкерлер әлеужелідегі алаяқтардан сақ болуы керек. Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге ҰБТ-ның дайын жауаптарын ұсынып, жоғары нәтиже алуға кепілдік беретін белгісіз адамдарға сенбеуге шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Орталықтың мәліметінше, кейінгі кезде әлеужеліде талапкерлерді тестілеуден өткізіп береміз немесе тест тапсырмаларының жауабын ұсынамыз деген хабарландыру көбейген.
Алайда ҰБТ кезінде әр қатысушыға жеке тест нұсқасы құралады. Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы тестілеу жүйесіне делдалдың араласуына жол бермеу үшін ақпараттық қауіпсіздік шарасын күшейтті.
Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді әлеужелідегі күмәнді парақшалар мен жеке тұлғалардың ұсыныстарына мұқият қарауға шақырды. Әсіресе, тест жауаптарын немесе белгілі бір нәтижеге кепілдік беретін қызметтерді ақшаға ұсынатындарға сенбеу керек. Мұндай ұсыныстар талапкерді алдап, ақшасынан айырады.
Орталық келер жылғы талапкерлерге ҰБТ-ға дайындықты өз бетімен жүргізіп, өз біліміне сенуге кеңес берді. Сонымен қатар тестілеу кезінде академиялық адалдық қағидаларын сақтау маңызды екенін еске салды.
