Жаңа оқу жылына орай денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды баласының ұйқы режиміне назар аударуға шақырды. Мамандар балаларды сабақ басталғанға дейін біртіндеп мектеп тәртібіне бейімдеуді ұсынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрлік ата-аналарға баланың ұйықтайтын және оянатын уақытын бірден өзгертпей, оны қазірден реттеуге кеңес берді. Бұл әсіресе, биыл бірінші сыныпқа баратын балалар үшін маңызды.
Балаға қанша сағат ұйқы қажет?
Министрлік Американың педиатрия академиясы ұсынысы бойынша, балалардың жасына қарай тәулікте қанша сағат ұйықтау керек екенін айтты:
- 1 жасқа дейінгі балаларға – 12–16 сағат;
- 1–2 жаста – 11–14 сағат;
- 3–5 жаста – 10–13 сағат;
- 6–12 жаста – 9–12 сағат;
- 13–18 жаста – 8–10 сағат.
Бірінші сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлу керек
Бірінші сыныпқа бару баланың күнделікті тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Ерте тұру, сабақ, жаңа орта мен түрлі әсер бейімделу процесін ұзартады.
Сондықтан мамандар балаға қажет болса күн тәртібіне екі сағатқа дейін қосымша күндізгі ұйқыны қосуды ұсынады.
Ұйқы режимін қалай реттеуге болады?
Ата-аналарға оқу жылы басталғанға дейін баланың күн тәртібін біртіндеп өзгерту ұсынылады. Ұйықтар алдында гаджет қолдануды шектеп, бөлмені ұйқыға қолайлы ету маңызды.
Мамандардың айтуынша, ұйқының жетпеуі баланың зейініне, назарын сақтап, күні бойы белсенді болуына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мектептегі режимге бейімделуді сабақ басталғанға дейін қолға алған дұрыс.
