Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Әшірбай өмірден өтті. Ақынның қайтыс болғанын Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.
Журналистика саласында еңбек етті
Бекжан Әшірбаев 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы «Ленин жолы» ұжымшарында дүниеге келген. Бекжан Әшірбаев 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. Сол жылдан бастап осы оқу ордасында қызмет атқарып, журналистика саласында елеулі еңбек етті.
Әр жылдары республикалық және әдеби басылымдарда түрлі қызмет атқарды. Атап айтқанда, «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, «Azamat.kz» қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының бірінші орынбасары, «Ел мен Жер» апталығының бас редакторы, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары болды.
Бірнеше жыр жинағының авторы
Бекжан Әшірбаев Қазақстан Журналистер одағының мүшесі еді. Оның өлеңдері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас қазақ үні», «Azamat.kz», «Парасат» сияқты басылымдарда жарияланып келген.
2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен ақынның «Қоңыр әуен» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұдан бөлек, ақынның бірнеше жыр жинағы оқырманға жол тартқан.
Бекжан Әшірбаев әдебиет пен журналистика саласына қатар еңбек сіңіріп, шығармашылығы арқылы қазақ поэзиясына үлес қосты.
