Басты бет / Қоғам /
фейк ақпарат
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Құрылтай сайлауы қарсаңында жалған ақпараттар жиіледі: JAQ.OrtCom ескерту жасады

Құрылтай сайлауы қарсаңында ақпараттық кеңістікте шынайы емес мәліметтер, фейктер мен арандатушылық материалдардың жаппай таралып жатқаны тіркелді. Бұл туралы JAQ.OrtCom хабарлады.

Ақпарат қалай бұрмаланып жатыр?

Ақпаратты бұрмалау технологиялары белгілі бір жүйе бойынша қолданылады:

  1. Бастапқы кезең: Ең алдымен елді арандататын ақпараттық сылтау ойластырылады.
  2. Жариялау: Ол аноним алаңдарда жарияланады.
  3. Жаппай тарату: Бот-желілер арқылы бір мезетте таратылады.

Мұндай әдіс жаппай таралу әсерін жасанды түрде қалыптастырып, қоғамда кең резонанс бар деген жалған түсінік тудырады. Жариялалымдардың бірдей тезистермен және ұқсас визуалдық безендірумен синхрон шығуы олардың орталықтандырылған әрі ұйымдасқан сипатын білдіреді.

Манипуляциялық контент негізінен анонимді Telegram-арналар, әлеуметтік желілердегі қауымдастықтар және өзара байланысты бот-аккаунттар «желісі» арқылы тарауда. Жекелеген жағдайларда бұл жұмыстардың шетелден үйлестірілгені байқалады.

Аранатаушылардың басты назарында қоғам үшін аса маңызды мынадай тақырыптар тұр:

  • Сайлау процесі;
  • Сыртқы саясат;
  • Әлеуметтік-экономикалық мәселелер.

Жасанды интеллект және дипфейктер қаупі

Таратылып жатқан контенттің едәуір бөлігі жасанды интеллект технологияларының көмегімен дайындалады. Жалған, бірақ шынайы сияқты көрінетін аудио-, фото- және бейнематериалдар — дипфейктер әзірленіп, кеңінен таратылады.

Мұндай әрекеттердің негізгі мақсаты:

  • Мемлекеттік институттар мен лауазымды тұлғалардың беделін түсіру;
  • Билік институттарына деген сенімді әлсірету;
  • Қоғамда жасанды түрде әлеуметтік шиеленіс қалыптастыру;
  • Азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін төмендету;
  • Сындарлы диалогты өзара айыптаулар мен ашық текетіреске бұру.

Тіркелген деректер мен бейтараптандыру жұмыстары

Сайлау науқаны кезеңінде әлеуметтік платформаларда, сайттарда және өзге де ресурстарда 200-ден астам анонимді әрі деструктивті аккаунт арқылы таратылған шамамен 15 сериялы ақпараттық материал тіркелді. Олардың ішінде жасанды интеллектті пайдалану, манипуляциялық ақпарат тарату, құжаттарды қолдан жасау, сондай-ақ қазақстандық пен шетелдік танымал тұлғалардың және мемлекеттік орган басшыларының бейнесін қолданып жасалған дипфейктер бар.

Бұл шабуылдарды бейтараптандыру үшін 44 материал дайындалып, жарияланды. Олардың қатарында:

  • Бейнероликтер мен нұсқаулықтар;
  • Ақпараттық-ағартушылық постерлер;
  • Сайлау науқаны төңірегіндегі кең тараған мифтерді жоққа шығаратын, халықтың ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған жарияланымдар.

JAQ.OrtCom ұсыныстары:

  • Сыни тұрғыдан қараңыз: Анонимді дереккөздерден таралатын, әсіресе эмоциялық және арандатушылық сипаттағы материалдарға бірден сенбеңіз. Бир хабарламаның ондаған арна мен аккаунтта бір мезгілде шығуы оның шынайы екенін білдірмейді.
  • Ақпаратты тексеріңіз: Бастапқы дереккөзді қарап, ақпаратты ресми деректермен және кәсіби бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарымен салыстырыңыз.
  • Таратпаңыз: Шынайылығы расталмаған мәліметтерді бөлісуден аулақ болыңыз.
  • Манипуляцияға жол бермеңіз: Анонимді ресурстарға, бот-желілерге және сыртқы жалған ақпарат орталықтарына өзіңізді деструктивті күн тәртібін тарату үшін пайдалануға мүмкіндік бермеңіз.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram