ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір басшыларына балалар үшін стоматологиялық көмек қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Әсіресе мектепке дейінгі жастағы балаларға медициналық көмек көрсету және стоматологқа қаралу үшін талон алу кезіндегі кезектерді жою мәселесіне назар аударылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі тек есептегі көрсеткіштермен емес, азаматтардың медициналық көмекті қаншалықты оңай ала алатынымен бағалануға тиіс.
«Біз үшін ең бастысы – есептілік те, қағаз жүзіндегі көрсеткіштер де емес. Әр көрсеткіштің артында нақты бала және нақты отбасы тұр. Егер ата-ана баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат беске келіп, кезекте тұруға мәжбүр болса, демек, жүйе жеткілікті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ. Біз мұны түзетуіміз керек», – деді Ақмарал Әлназарова.
Балалар стоматологиясына кезек мәселесі
Министр Қазақстанда балаларға стоматологиялық көмек көрсету үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасқанын атап өтті.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан негізгі мәселе қосымша қаражат іздеуде емес, қолда бар ресурстарды тиімді ұйымдастыру мен үйлестіруде болуы керек.
«Бүгінде балаларға стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан бұл мәселені ата-аналардың мойнына жүктемеуіміз және әр жолы қосымша бюджет қаражатын іздемеуіміз керек. Ең алдымен, қолда бар ресурстардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру қажет», – деді министр.
Оның айтуынша, бала қажетті медициналық көмекті тек ата-анасы талон ала алмағаны немесе бірнеше сағат кезекте тұрғаны үшін ала алмай қалмауға тиіс.
«Бала ата-анасы талон ала алмағаны немесе бірнеше сағат кезекте тұрғаны үшін ғана қажетті көмексіз қалмауы тиіс. Біздің міндетіміз – қажетті көмектің дер кезінде және отбасының тұрғылықты жеріне жақын жерде қолжетімді болуын қамтамасыз ету», – деді Ақмарал Әлназарова.
Өңірлерге нақты тапсырма берілді
Министр облыстар әкімдерінің орынбасарлары мен бейінді басқармаларға денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының, медициналық ұйымдар мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды.
Жергілікті басшыларға ата-аналар әлеуметтік желіге шағымданғанға дейін мәселені анықтап, шешу қажеттігі айтылды.
«Ата-аналар әлеуметтік желілерге жүгінуге немесе шағым жазуға мәжбүр болғанша күтпеуіміз керек. Жергілікті жердегі басшылар мұндай мәселелерді азамат медициналық көмек алу кезінде кедергіге тап болғанға дейін анықтап, дер кезінде шешуі тиіс», – деді министр.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігін ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағыттағы жағдайға мониториң жүргізіп, еліміздің барлық өңірінде балаларға көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігін бағалауды жалғастырады.
