Басты бет / Жаңалықтар /
Кибершабуыл, хакер
Иллюстрация: Dribbble.com ©Dmitrii Kharchenko

Apple iPhone қолданушыларына тыңшы шабуылы туралы ескерту жіберді

13 тамызда Apple компаниясы кейбір iPhone иелеріне тыңшы бағдарламасы арқылы жасалған, нақты адамдарға бағытталған шабуылдар туралы ескерту жіберді. Компания пайдаланушыларды хабарламаға аса байыппен қарауға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Кибершабуыл туралы

Apple мұндай ескертулерді 2021 жылдан бері тыңшы бағдарламалар жасалған мақсатты шабуыл белгілерін анықтаған сайын жылына бірнеше рет таратып келеді. Компания шабуылдарда нақты қандай зиян бағдарлама қолданылғанын жарияламайды.

Apple Pegasus-ті осындай шабуылдармен байланысты жүйелердің бірі ретінде мысалға келтіреді. Бұған дейін осындай ескерту алған пайдаланушыларға жүргізілген кейбір тәуелсіз зерттеулер олардың құрылғыларында Pegasus анықталғанын көрсеткен.

Ескертулер 150-ден астам елге жіберілді

Apple мұндай қауіп туралы хабарламаларды 150-ден астам елдегі пайдаланушыларына жібереді. Компания құрылғыларда мақсатты шабуыл белгілерін анықтаған жағдайда ғана ескерту жасайды.

Мұндай шабуылдар көбіне журналистер, құқық қорғаушылар, саясаткерлер мен дипломаттарға жасалады.

Apple мәліметінше, тыңшы бағдарламалары арқылы нақты адамдарға бағытталған шабуылдар өте күрделі әрі қымбат болуы мүмкін. Олардың құны миллиондаған долларға жетеді, сондықтан санаулы құрылғыға бағытталады. Мұндай шабуылдар уақыты қысқа болғандықтан, оларды анықтау және алдын алу қиынырақ.

Компания өкілдерінің айтуынша, көп пайдаланушының мұндай шабуылдан зардап шегу ықтималдығы өте аз.

Apple шабуылдардың артында нақты қай мемлекет, өңір немесе компанияның тұрғанын хабарламады. Дегенмен мұндай ескертулерді елемеуге болмайтынын атап өтті.

Apple ескертулердің дұрыстығына сенімді

Мұндай қауіптерді анықтау үшін компания өзінің арнайы талдау құралдарын пайдаланады. Бұл ескертулердің сенімділігі жоғары екенін көрсетеді.

Apple өкілдері мұндай тексерулердің 100 пайыз кепілдік бере алмайтынын, алайда қауіпсіздік хабарламасы пайдаланушының тыңшы бағдарлама арқылы жасалған шабуыл нысанасына айналғанын білдіретін өте сенімді ескерту екенін мәлімдеді.

Компания ескертудің нақты қандай себеппен жіберілгенін де ашпайды. Өйткені мұндай ақпарат кибершабуылшыға өз тәсілдерін өзгертіп, алдағы уақытта ұсталып қалудан бой тасалауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Жалған ескертулерден сақ болыңыз

Apple зиян әрекет белгілерін анықтаған кезде пайдаланушының аккаунтына тіркелген электрон пошта мекенжайына және iMessage арқылы хабарлама жібереді.

Компания хабарламалары әдетте ресми мекенжайынан келеді. Алайда Apple мұндай ескертулердің жалған нұсқалары да таралуы мүмкін екенін ескертеді.

Apple-дің ресми ескертуінде:

  • күмән сілтемеге өтуді;
  • файл ашуды;
  • қандай да бір қосымша орнатуды;
  • құпиясөз енгізуді;
  • аккаунттың растау кодын беруді

талап етпейді.

Ресми ескерту account.apple.com сайтына кірген кезде аккаунт ішінде де көрсетіледі.

iPhone иесі тыңшы шабуылының нысанасына айналған болуы мүмкін деп ойласа, Apple Lockdown Mode (Блоктау режимін) қосуды және киберқауіпсіздік маманына жүгінуді ұсынады.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok