Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндірумен және өңдеумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерде рекультивация жұмыстарын жүргізіп жатқандай көрініс жасаған. Алайда іс жүзінде ол жерде ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары қолданылған толыққанды тау-кен байыту кешені жұмыс істеген.
Марганец шетелге экспортталған
Тергеу мәліметіне сәйкес, өндірілген кен тауарлық концентратқа дейін өңделіп, кейін теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған.
Шикізатты тұрақты түрде тасымалдау үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған.
Шығын 1 млрд теңгеден асты
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз өндірілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның құны 1 млрд теңгеден асқан. Заңсыз әрекет қоршаған ортаға да зиян келтірген. Алдын ала есеп бойынша, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге 150 млн теңгеден астам қаржы қажет.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
