Жасанды интеллектінің климатқа тигізер кері әсері тек деректерді өңдеу орталықтарының шамадан тыс электр энергиясын тұтынуымен шектелмейді. АҚШ-тың бір топ ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу ЖИ-дің климатқа әсері бұрын есептелгеннен әлдеқайда жоғары әрі қауіпті екенін көрсетті. Тіпті бұл зерттеу нәтижелері беделді Nature журналында жарияланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Электр энергиясы ғана емес
Осы уақытқа дейін жасанды интеллектінің климатқа әсері туралы пікірталастар негізінен деректерді өңдеу орталықтарының серверлерін салқындату мен оларды қуаттандыруға кететін электр энергиясының көлемі төңірегінде ғана өрбитін. Алайда ғалымдар бұл мәселенің тек «айсбергтің шыңы» екенін атап өтеді.
Шын мәнінде, ЖИ әлемдегі ең ірі мұнай-газ компанияларына қазба отынды арзанырақ, жылдамырақ және пайдалырақ өндіруге көмектесіп отыр. Кейінгі жылдары ЖИ мұнай өндірушілер үшін қуатты құралға айналды: ол жаңа кен орындарын дәл анықтауға, ұңғымаларды жедел бұрғылауға және бұрыннан бар кен орындарынан мұнайды барынша көбірек алуға мүмкіндік береді. Тіпті алдыңғы қатарлы технология компанияларында қазба отын саласына бағдарланған арнайы инженер топтары жұмыс істейді.
Ғалымдар 64 түрлі сценарий модельдеді
ЖИ-дің энергетика саласына ықпалын бағалау үшін АҚШ ғалымдары ЖИ-дің қазба отыны мен жаңартылатын энергия секторларының өнімділігін қаншалықты арттыра алатыны туралы мәліметтер жинақтады. Кейін бұл деректерді әлем экономикасы моделіне енгізіп, салдарының таралу тетіктерін сараптады.
Барлығы 64 түрлі сценарий модельденді. Тәжірибе көрсеткендей, ЖИ қазба отыны мен жаңартылатын энергия саласына бірдей деңгейде көмектескен жағдайдың барлығында әлемдегі зиян қалдықтар көлемі артып отырған.
Жаңартылатын энергия секторы қазба отынының климатқа келтіретін зиянын өтеуүшін, ЖИ бұл салаға қазба отын секторына қарағанда 4-5 есе артық қолдау көрсетуі керек. Ал әлемде зиян қалдықтар азайған жалғыз жағдай – технология компанияларының мұнай-газ өндірушілеріне ЖИ арқылы көмек көрсетуді толықтай тоқтатқан сценарийлері болды.
Қауіп деңгейі
Ғалымдар бұл есептеулердің нақты статистика емес, тек модельдік бағалау екенін ескертеді. Дегенмен нәтижелер дабыл қағарлық:
Көңілге қонымды болжам: ЖИ-дің мұнай өндірісін оңтайландыру арқылы шығарылатын жанама қалдықтар деректерді өңдеу орталықтарынан шығатын қалдықтардан 3,3 есе көп. Бұл – Мексика мемлекеті ауаға тарататын зиян газдардың көлемімен бірдей.
Қауіпті сценарий бойынша: Көрсеткіш 13,3 есеге дейін артады. Бұл Ресей сияқты ірі мемлекеттің 1 жылда шығаратын қалдықтар көлемімен тең.
Ғалымдар ұсынысы
Зерттеу авторлары жасанды интеллект технологияларына толығымен қарсы емес. Олар ЖИ-дің негізі тек қазба отынын тұтынуға сүйенеді деуден де аулақ.
Алайда ғалымдар климат төңірегіндегі пікірталас аясын кеңейтуді талап етеді: ендігі жерде тек деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясын тұтынуын емес, ЖИ-дің ресурс өндіруді оңтайландыру арқылы климатқа келтіретін жанама залалын да есепке алу қажет. Саланың кері әсерін тежеу үшін халықаралық деңгейде арнайы қорғаныс және реттеу тетіктерін әзірлеу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
