2026 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, апта қорытындысы бойынша ең көп арзандаған өнім – картоп. Оның бағасы 4,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар:
- ақ қауданды қырыққабат – 1,2%-ға;
- алма – 1,1%-ға;
- пияз бен сәбіз – 1%-ға арзандаған.
Бұдан бөлек, қатты және жартылай қатты ірімшік бағасы 0,3%-ға, майлылығы 5–9% сүзбе мен тұз 0,2%-ға, бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ 0,1%-ға төмендеген.
Бірқатар өнімнің бағасы өзгерген жоқ
Есепті аптада бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, рожки, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, пастерленген сүт, жұмыртқа мен сары май бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы Талдықорғанда – 0,7%-ға, Ақтау мен Жезқазғанда – 0,4%-ға, Петропавлда – 0,3%-ға, Астанада – 0,2%-ға, ал Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодарда – 0,1%-ға төмендеген.
Ал Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Таразда баға өткен апта деңгейінде сақталған.
Ең арзан картоп пен алма қай қалада?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше:
- картоптың республика бойынша орташа бағасы – 259 теңге/кг, ең арзан баға Павлодарда – 191 теңге;
- ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы – 189 теңге/кг, ең төмен баға Түркістанда – 142 теңге, Таразда – 152 теңге;
- алманың орташа бағасы – 797 теңге/кг, ең арзан алма Шымкентте – 639 теңге/кг.
Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 3 779 теңге/кг, ал тауық еті 1 736 теңге/кг болды.
