Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа температурасы 40–44 градусқа дейін көтерілетінін ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, ең жоғары температура Шымкентте, Түркістан және Қызылорда облыстарында, сонымен қатар Алматы облысының солтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау және Абай облыстарында күтіледі.
Өрт қаупі сақталады
Министрліктің мәліметінше, Түркістан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Шымкент қаласында, сонымен қатар Алматы, Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облысының кейбір аудандарында жоғары өрт қаупі сақталады.
Тұрғындарға ашық от жақпауға, құрғақ шөпті өртемеуге және табиғат аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес берілді.
Кей өңірлерде найзағай мен бұршақ күтіледі
Аптап ыстыққа қарамастан, еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Найзағай кезінде желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді деп болжанып отыр. Сондықтан тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.
