Жүктіліктің алғашқы айларындағы жүрек айну мен құсу – көпшілікке таныс жағдай. Биологиялық тұрғыдан бұл – ағзаның гормон өзгерісіне табиғи жауабы. Алайда әйел сұйық пен тамақты мүлдем жеп-іше алмай, ағзасы сусызданып, қатты әлсіреп немесе есінен тана бастаса, мұны «шыдау керек, бұл – табиғи құбылыс» деп елемеуге болмайды.
Baribar.kz токсикоздың қауіпті белгілеріне, дәрігердің жағдайды бағалау тәртібіне шолу жасап, пайдалы кеңес ұсынып отыр.
Қалыпты токсикоз бен ауыр токсикоздың айырмашылығы қандай?
Жүктіліктің жеңіл немесе орташа токсикозы кезеңінде әйелдің таңертең жүрегі айнып, белгілі бір иістерден тіксінуі және өзін жайсыз сезінуі мүкін. Алайда ол сұйық іше алады, аз-аздан тамақтанады және салмағы күрт азаймайды. Мұндай жағдай әдетте 12–16 аптаға қарай өздігінен басылады.
Ал ауыр токсикоз (Hyperemesis gravidarum) кезінде құсу тоқтамай, әйел тамақ пен су мүлдем іше алмаса, зат алмасу бұзылып, ағзаның жалпы жағдайы нашарлайды.
Токсикоз «еркелік» немесе «ағза әлсіздігі» емес
Қоғамда «токсикозды көтере алмайды, демек, шыдамсыз немесе ағзасы әлсіз», «еркелік қой» деген жаңсақ түсінік бар.
Шын мәнінде, жүкті кезде жүрек айну мен құсу – көпфакторлы процесс. Токсикоз әр әйелде әртүрлі өтеді. Сондықтан басқа адамның тәжірибесіне қарап, «мен де шыдауым керек» деп медицина көмегінен бас тартқан дұрыс емес.
Baribar.kz тілшісі токсикозды бастан өткерген әйелдермен сөйлесіп, олардың тәжірибесін сұрады. Олардың әңгімесі аяғы ауыр кезде жүрек айну мен құсудың әр әйелде әртүрлі өтетінін көрсетті. Алматы тұрғыны, 25 жастағы мұғалім Құлпынай Әбдішәкиқызы аяғы ауыр болған алғашқы кезеңде жүрегі айнып, құса берген.
«Жүктілігімнің жетінші аптасында су ішсем де, құсатын күйге жеттім. Күнде құсатынмын. Жақындарым «бұл — табиғи нәрсе, шыда» дегесін соңына дейін шыдап жүре бердім. Тамақ та іше алмадым, пісіре де алмадым. Тек жата беремін, тұрсам, басым айналып, құсқым келеді», – дейді Құлпынай Әбдішәкиқызы.
Оның бұл сөзі токсикоздың жай ғана таңертеңгі жүрек айнуынан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін екенін көрсетеді. Демек, мәселе әйелдің «шыдамында» емес, белгілердің қаншалық ауыр өтіп жатқанында екен. Аяғы ауыр әйел сұйық іше алмай, зәрі азайып, басы айналып немесе әлсірей бастаса, бұл сусыздану белгісі болуы мүмкін және дәрігер көмегі қажет.
«Токсикоз ауыр өтсе, тек құсу жиілігі емес, ағзаның сусыздануы мәселеге айналады. Жүрек айну мен құсу күшейіп, әйел қалыпты тамақтанбай, сұйық іше алмай қалса, бұл ауыр жағдайға (hyperemesis gravidarum) ұласуы мүмкін. Ол ағзаның сусыздануына және біраз салмақ тастауға себеп болуы ықтимал. Сондықтан мұндай жағдайда «шыдап жүре беру» емес, дәрігердің жағдайды бағалауы маңызды».
Ал Астана тұрғыны, 28 жастағы IT маманы Ақмарал аяғы ауыр болған бірінші тоқсанда есінен танып қалғанын айтты:
«Тұңғышымды көтеріп жүрмін. Бесінші аптада токсикоз басталғанда «Аяғы ауыр болу деген осы ма?» деп күйзеліске түсіп кеттім. Иісті қатты сезетініммен қоймай, асқазаным ауыратын. Құссам, дем жетпей, температурам көтеріліп кететін. Су ішсем де шығарып тастайтын едім. Аяғы ауыр әйелдерде қан қысымы төмен болады екен, бойымда мүлдем әл болмады.
Бір күні үйде жалғыз қалғанда қан қысымым тіпті төмендеп кетіп, талып қалдым. Құлағанда ернімді тістеп алып, аузымнан қан ақты. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарды. Токсикозда бес күнде бес келі тастадым. Тек дәрігер тағайындаған системаларды салдырып жүргенде ғана адам болып қалатынмын. Жұмысым онлайн болғаны сақтап қалды. Өз басым, бірінші тоқсанда аяғы ауыр әйелдерге ақылы демалыс берсе екен дер едім. Адамнан адам шығу да, адам көтеріп жүру де оңай емес екен…»
«Ауыр токсикозда басты қауіп — құсудың жиілігі ғана емес, ағзаның сусызданып, қан қысымының күрт төмендеуі (артериялық гипотония). Ағзаға су мен қорек зат түспегенде, дегидратация басталып, бас айналу, естен тану қаупі артады. Мұндай жағдайды «шыдау керек» деп үйде бақылап отыруға болмайды, міндетті түрде дәрігер қарауы қажет».
Аяғы ауыр әйелге жақындарының қолдауы не үшін маңызды?
Аяғы ауыр кезде жүрек айну мен құсу әйелдің күнделікті өміріне ғана емес, оның көңіл-күйі мен психикасына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде аяғы ауыр әйелге жақындарының жағдайды түсініп, қолдағаны өте маңызды. Зерттеу отбасы мен достарының қолдауы әйелдің жағдайын жеңілдетуге көмектесетінін көрсетіп отыр.
«Бұрын біз де токсикоз болып, далада жұмыс істегенбіз», «шыдау керек» деп келініңізге немесе қызыңызға психологиялық қысым көрсетпеңіз. Токсикоздың ауыр өтуі – мінезге, еркелікке немесе шыдамсыздыққа байланысты емес. Әйел су да, тамақ та іше алмай, төсектен тұра алмай жатса, оны «шыдауға» мәжбүрлемей, уақыт созбай дәрігерге көрінген жөн. Жақындарының басты міндеті – салыстыру емес, түсіну және қажет кезде медицина көмегін алуға қолдау көрсету.
Дәрігер ауыр токсикозды қалай анықтайды?
Аяғы ауыр кездегі жүрек қатты айнуы мен шамадан тыс құсу жағдайында әйелдің денсаулығын шұғыл медициналық бағалау қажет. Қазақстанда жүкті әйелдерге акушерлік-гинекологиялық көмек беру тәртібі ҚР Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-92 бұйрығымен бекітілген стандартпен және бекітілген клиникалық хаттамалармен реттеледі.
Нормативтік құжаттар бойынша, әйелдің жүкті кезде жүрегі қатты айнуы мен жиі құсуы жеке медициналық жағдай ретінде қарастырылады. Мұндай кезде акушер-гинеколог әйелдің жалпы жағдайын бағалап, қажет тексерулер тағайындайды және медициналық көмек түрін (амбулаториялық немесе стационарлық) анықтайды.
Бағалау кезінде дәрігер мына басты көрсеткіштерді ескереді:
-
Әйелдің сұйық пен тамақ ішу жиілігі;
-
Ағзаның сусыздану (дегидратация) белгілері;
-
Дене салмағының өзгеруі (салмақ азаю динамикасы);
-
Несептегі кетон денелері (ацетон) мен қанның биохимиялық көрсеткіштері.
Медициналық көмек жағдайы мен емдеу тәсілі әйел мен ұрықтың жағдайына қарай жеке анықталады.
Дәрігерге қандай жағдайда қаралған жөн?
Әйел аяғы ауыр кезде жүрек айну, әлсіздік немесе бас айналу күшейсе, медициналық көмекті кейінге қалдырмаған дұрыс.
Алматы қаласы №4 перзентханасының акушер-гинекологы Дмитрий Эзау жүкті әйелдерге әлсіздік, бас айналу, жүрек айнуы немесе жүрек соғысының жиілеуі байқалса, дереу демалып, су ішіп, қажет болса, дәрігерге көрінуге кеңес береді.
Аяғы ауыр әйелдерге ыстық күндері қандай кеңес беріледі?
Аптап ыстық жүктілік кезінде ағзаға түсетін салмақты арттырып, сусыздану, әлсіздік, бас айналу және жүрек айну қаупін күшейтуі мүмкін. Алматыдағы №4 перзентхананың жүктілік патологиясы бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Дмитрий Эзау аяғы ауыр әйелдерге ыстық күндері сұйықты жеткілікті мөлшерде ішіп, күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге кеңес береді.
Сұйықты жеткілікті мөлшерде ішу. Медициналық қарсы көрсетілім болмаса, дәрігер күніне кемі 1,5–2 литр су ішуге кеңес береді. Таза су, шөп шай мен қантсыз компот ішсеңіз болады.
Тамақтануға мән беру. Ыстық күндері ауыр әрі майлы тағамдардан бас тартып, жеңіл, бірақ құнарлы тағамдарды таңдаған дұрыс. Дәрігер көкөніс, жеміс, қышқыл сүт өнімдері және ақуызға бай тағамдарды тұтынуды ұсынады.
Күннің ыстығынан сақтану. Сағат 11:00–17:00 аралығында күннің астында ұзақ жүрмеген жөн. Серуендеуді таңертең немесе кешке жоспарлаған дұрыс. Жеңіл, кең және табиғи матадан тігілген киім киіп, бас киім киюге кеңес беріледі.
Жағдайыңызды бақылаңыз. Ыстықта әлсіздік, бас айналу, жүрек айну немесе жүрек соғысының жиілеуі байқалса, бірден демалып, су ішіп, қажет болса, дәрігерге көрінген жөн.
