Шымкенттегі «Жайлаукөл» саябағында джампиң аттракционында болған оқиға салдарынан кәмелетке толмаған қыз бала жарақат алды. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға 8 тамыз күні Бәйдібек би даңғылындағы саябақта болған. Қыздың анасының айтуынша, секіру кезінде аттракционның тростарының бірі үзіліп кеткен.
Анасы қауіпсіздік талаптарын тексеруді сұрады
Жәбірленушінің анасы оқиға кезінде отбасы балаларымен бірге саябақта серуендеп жүргенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, қыз бала джампиң аттракционында секіріп жатқан кезде трос үзіліп, жерге құлаған. Соның салдарынан оның қолы сынған.
Сонымен қатар анасы оқиғадан кейін саябақ әкімшілігі кешірім сұрамағанын айтып, Шымкент әкімдігінен аттракциондардың техникалық жағдайын тексеруді талап етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әкімшілік пен полиция не дейді?
«Жайлаукөл» саябағының әкімшілігі бұл мәлімдемемен келіспейтінін айтып, қызметкерлердің бірден жедел жәрдем шақырып, қызды ауруханаға жеткізуге көмектескенін және ата-анасынан кешірім сұрағанын мәлімдеді.
Әкімшілік сонымен қатар джампиң аттракционының саябақтың өзіне емес, аумақта жұмыс істейтін жалға алушыға тиесілі екенін атап өтті.
Ал Шымкент қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап отыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
