Басты бет / Жаңалықтар /
Нұрай Серікбай
Видео скрині

Нұрай Серікбайдың ісі: Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сот Шерхан Аймаханды кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Судьяның шешімімен сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше режимдегі мекемесінде өтейтін болды.

Бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылды

Сот Шерхан Аймаханды:

  • ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру;
  • 125-бабы 1-бөлігі – некеге тұруға мәжбүрлеу;
  • 115-бабы 2-бөлігі – сталкиң бойынша толық кінәлі деп таныды.

Сот үкімі бойынша, сотталушы Нұрай Серікбайдың отбасына 25 миллион теңге моральдық өтемақы, сонымен қатар мемлекетке жүргізілген сараптамалар мен өзге де шығындар үшін 2 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Іс жеті ай қаралды

Еске салайық, Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда кісі қолынан қаза болған. Қылмыстық істі тергеу шамамен жеті айға созылып, сот процесі шілде айында басталды.

Сот барысында айыпталушы оқиға сәтін толық есіне түсіре алмайтынын айтып, жәбірленуші өзін бірінші болып пышақтады деген нұсқасын келтірген. Ал сот-медициналық сарапшысы Нұрай Серікбайдың денесіне 35 рет пышақ жарақаты салынғанын және сол сәттердің бір бөлігінде оның әлі тірі болғанын мәлімдеген.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы да Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok