Басты бет / Жаңалықтар /
Тұрғын үй, пәтер
Фото: Нұрназар Әмзе

Пәтерақыны қалай үнемдеуге болады? Студенттерге арналған 5 кеңес

Жақында жаңа оқу жылы басталады. Студенттер қазір Алматы, Астана сынды үлкен қаладан жалға берілетін пәтер іздеп жатыр. Сұраныс артқан сайын пәтер ақысы да қымбаттайды. Baribar.kz студенттерге пәтер жалдау туралы бірнеше кеңес ұсынып отыр.

Бір бөлмелі пәтер жалдау ақысы Алматыда 10% өскен

Krisha.kz дерегінше, кейінгі кезде бір бөлмелі пәтер жалдау ақысы Алматыда 10%, Астанада 9,5% өскен. Алматыда екі бөлмелі пәтер 6,7%, ал үш бөлмелі пәтер 5% қымбаттаған. Дегенмен сұранысқа қарай тамыздың соңы мен қыркүйек айында пәтер жалдау қымбаттай береді. Сондықтан баға тағы қанша өсетінін нақты айту қиын.

Пәтерді қалай іздеу керек?

Пәтерді карта арқылы іздеуге болады. Картада тұтас ауданды ғана емес, нақты бір аймақты немесе бірнеше көше аумағын таңдап, сол маңнан пәтер іздеу мүмкіндігі бар. Мысалы, университетке немесе метро станциясына жақын аумақты белгілей аласыз. Талабыңызға сай пәтер табылса немесе пәтер жалға берілетіні туралы жаңа хабарландыру жарияланса, бірден хабарлама келеді. Өйткені қазір жақсы пәтерді жалға алатын адамдар небәрі бірнеше сағатта табылып кетеді. Мұндай жағдайда онлайн бронь қоюға болады.

Пәтерді бірден ұзақ мерзімге жалдамаңыз. Алдымен екі, үш күнге уақытша баспана жалдап, қалаға келген соң бірнеше нұсқаны өз көзіңізбен көріп, асықпай пәтерлерді тексеріп алған жөн. Содан соң өзіңізге қолайлы пәтерді таңдай аласыз.

Пәтерақыны үнемдеу жолы

Алдымен қаланың шетіндегі, тыныш аудандарды қарастырыңыз. Студенттер тек университетке жақын жерден пәтер табуды көздейді. Алайда оқу орындары маңында орналасқан баспана бағасы тым қымбат болады. Мысалы, Алматыдағы Байтұрсынұлы мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында бірнеше жоғары оқу орны орналасқан. Осы аумақта бір бөлмелі пәтер жалдау ақысы, шамамен 300–350 мың теңгеден басталады. Ал қала орталығынан алыс аудандарда бір бөлмелі пәтерді айына 200–250 мың теңгеге табуға болады.

Пәтердің орналасқан жерінен бөлек, қоғамдық көлікпен қатынау мүмкіндігін де ескерген жөн. Алматыда метромен кептеліссіз жүруге болады. Мысалы, Тастақ, Сайран, Саяхат, Шұғыла, Таугүл, Жетісу-1, Жетісу-2, Жетісу-3 және Цифровые сынды шағын аудандардан қаланың орталығына метромен, шамамен 15 минутта жетесіз.

Пәтерді достарыңызбен бірге жалдап, шығынды азайта аласыз

Пәтерді достарыңызбен бірге жалдаңыз. Баспана ақысын екі-үш адам бірігіп, бөліп төлеу шығынды азайтуға көмектеседі. Мысалы, пәтер ақысы 250 мың теңге болса, екі адам бірге тұрып, әрқайсы 125 мың теңгеден төлейді. Пәтерді жалдау келісімшартына бірге тұратын адамдардың аты-жөнін жазу керек.

Бөлме жалдау және жоғарғы қабаттағы пәтер

Тұтас бір пәтерді жалдау тым қымбат болса, екі немесе үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесін ғана жалдауға болады. Алматыда бөлме жалдау құны, шамамен 80 мың теңгеден басталады.

Бұдан бөлек, жоғарғы қабаттағы пәтерлер де салыстырмалы түрде арзан болуы мүмкін. Мысалы, лифті жоқ төрт-бес қабатты үйдің жоғарғы қабатындағы пәтерлерді қарастыру керек. Баспалдақпен шығу қиын болмаса, осылай ақша үнемдеген жөн.

Пәтерді көрмей, алдын ала ақша аудармаңыз

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін пәтерді міндетті түрде өз көзіңізбен көріңіз және баспананы көрмей, алдын ала ақша аудармаңыз. Пәтер иесінің жеке куәлігін сұрап, баспана сол адамға тиесілі екеніне көз жеткізіңіз. Пәтер құжатын немесе тұрғын үй туралы анықтаманы тексеріңіз.

Пәтер жалдау туралы келісімшарт жасау керек

Жалдау туралы жазбаша келісімшарт жасауды ұмытпаңыз.

Келісімшартқа мына мәселелерді жазу керек:

  • пәтерді жалдау ақысы (айына);
  • пәтерақыны төлеу мерзімі;
  •  келісімшарттың басталған күні және аяқталатын мерзімі;
  • пәтерде тұратын адам саны;
  • тұру шарттары: жөндеуге, үй жануарын ұстауға, темекі шегуге және тағы басқа әрекетке рұқсат ету немесе тыйым салу туралы талап.

Пәтер иесі депозит сұраса, оны да келісімшартқа енгізіңіз. Құжатта депозит мөлшері, ол қандай жағдайда  қайтарылмайтыны және қашан толық қайтарылатыны туралы ақпарат нақты көрсетілуі керек.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram