Астананың екі тұрғыны Instagram әлеуметтік желісі арқылы Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыруды ұсынып, ондаған адамды алдағаны үшін сотталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Астана прокуратурасының мәліметінше, күдіктілер алдын ала сөз байласып, әлеуметтік желіде қажылық турларын жарнамалаған.
37 адам 60 млн теңге берген
Олардың уәдесіне сенген 37 азамат қажылық сапарына бару үшін күдіктілерге жалпы 60 миллион теңге тапсырған.
Қылмыскерлердің уәдесіне сенген қажылыққа барам деген 37 азамат оларға жалпы көлемде 60 млн теңге ақша қаражатын тапсырған, – делінген хабарламада.
Алайда айыпталушылар өз міндеттемелерін орындамай, жәбірленушілерден алған қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған.
Әрқайсысы төрт жылға сотталды
Сот үкімімен екі айыпталушының әрқайсысына төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
