Білім гранты иегерлері анықталған соң, нарықта жалдамалы баспанаға сұраныс күрт артады. Бұл ретте баспана іздеушілер, көбіне пәтер бағасы мен орналасқан ауданымен ғана шектеліп, пәтер жалдау шартын ескере бермейді. Пәтерді жалға алғанда, көбіне тараптар келісімді ауызша жасап, «уақыт өте келе көремізбен» шектеледі. Алайда түсініспеушіліктер туындаса немесе заңды дау туындағанда, тек жазбаша сауатты жасалған шарт қана сіздің мүлік және қаржы құқықтарыңызды қорғай алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Заң не дейді?
ҚР Азаматтық кодексінің 601-бабына сәйкес, тұрғын үйді (пәтерді) жалдау шарты мерзіміне қарамастан міндетті түрде жазбаша түрде жасалуға тиіс. Ауызша келісімнің заңды күші болмайды.
Жазбаша шарт жасасу – екі тараптың да құқығын қорғайды. Онда жалдау ақысы, депозит мөлшері, коммуналдық төлемдерді төлеу тәртібі, жөндеу жауапкершілігі, мүліктің бастапқы жағдайы және шартты мерзімінен бұрын бұзу шарттары сияқты маңызды мәселелер нақты бекітіледі.
Шарт жасаспас бұрын нені тексеру керек?
Пәтер иесімен келісімшартқа қол қоймас бұрын, оның бұл мүлікті жалға беруге толық заңды құқығы бар екеніне көз жеткізіңіз:
Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама (Egov.kz): Пәтердің нақты неше меншік иесі бар екенін және мүлікке ауыртпалықтар (кепілде тұруы, сот шешімімен тыйым салынуы) бар-жоғын тексеріңіз.
Жеке куәлік деректері: Пәтер иесінің жеке басын куәландыратын құжатындағы ақпарат Egov анықтамасындағы деректермен әріпке дейін сәйкес келуі керек.
Басқа меншік иелерінің нотариалды келісімі: Пәтердің бірнеше меншік иесі болса (үлестік меншік), ҚР Азаматтық кодексінің 220-бабына сәйкес олардың барлығы шартқа қол қоюы керек немесе нотариалды куәландырылған жазбаша келісімін беруге тиіс. Керісінше жағдайда, басқа меншік иесі сізді заңды түрде пәтерден шығарып жібере алады.
Жұбайының (жолдасының) келісімі: ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 33, 34-баптарына сәйкес, пәтер некеде тұрған кезде сатып алынған болса, ол – ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен мүлкі. Сол себепті жұбайының да жазбаша келісімі талап етіледі.
Келісімшартта қандай міндетті тармақтар болуы керек?
- Тарап реквизиттері: Жалға беруші мен жалға алушының толық АЖТ, ЖСН (ИИН), жеке куәлік нөмірі, берілген күні және тіркелген мекенжайы.
- Шарт заты: Пәтердің толық мекенжайы, кадастрлық нөмірі, бөлме саны және ауданы (Egov анықтамасына сай).
- Бірге тұратын тұлғалар: Сізбен бірге тұратын отбасы мүшелері мен туыстардың тізімі. Бұл кейіннен «артық/бөгде адамдар тұрып жатыр» деген даудың алдын алады.
- Шарт мерзімі: ҚР Азаматтық кодексінің 545-бабына сәйкес, тұрғын үйді жалдау шарты тараптар белгілеген мерзімге жасалады. Шартта оның мерзімі көрсетілмесе, ол белгісіз мерзімге жасалған болып есептеледі. Жылжымайтын мүлікті кемінде бір жылға жалдау құқығы мемлекеттік тіркеуге жатады, ал бір жылдан аз мерзімге жасалған жалдау шарты міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
- Төлем және Коммуналдық қызметтер: Айлық төлем мөлшері, төлейтін күн және төлем әдісі (қолма-қол емес, картаға/аударым арқылы жасау ұсынылады). Коммуналдық қызметтерді (электр, су, жылу, интернет) кім төлейтіні нақты белгіленуі керек.
- Кепіл төлемі (Депозит): Мүлік бүлінген немесе төлем кешіктірілген жағдайға сақталатын депозит мөлшері және оны қайтару мерзімі мен шарттары (мысалы, пәтерді тапсырған соң 3 күн ішінде).
- Пәтер иесінің келу тәртібі: Пәтер иесінің тексеруге қашан келетіні (мысалы, айына 1 реттен жиі емес, 24 сағат бұрын ескерту арқылы және жалға алушының қатысуымен).
Төлемді өсіру ережесі
ҚР Азаматтық кодексінің 385-бабына сәйкес, шарттағы баға тараптардың келісімімен белгіленеді. Шарт жасалғаннан кейін оны өзгертуге шартта немесе заңда көзделген жағдайларда жол беріледі. Сондықтан пәтер иесі жалдау ақысын өз бетінше ай сайын өзгерте алмайды, шартта мұндай мүмкіндік пен оның тәртібі алдын ала көрсетілмеген жағдайда.
Жөндеу мен бүлінген мүлікке кім жауапты?
ҚР Азаматтық кодексінің 552-бабына сәйкес, шартта немесе заңнамада көзделмесе, күрделі жөндеу жалға берушінің міндеті. Ал жалға алушы мүлікті дұрыс күйде ұстап, ағымдағы жөндеуді өз есебінен жүргізеді.
Мысалы, ғимараттың немесе инженерлік жүйелердің елеулі ақауларынан туындаған күрделі жөндеу, оған жалға алушы жауапты болмаса, жалға берушінің міндетіне жатады. Ал күнделікті пайдаланудан туындайтын ұсақ жөндеу жұмыстары, шартта өзгеше көрсетілмесе, жалға алушының мойнында болады.
Шартты бұзу тәртібі
Жалға беруші жалға алушыны жай ғана қалаған кезде шығарып жібере алмайды. ҚР Азаматтық кодексінің 556-бабында шартты мерзімінен бұрын бұзудың нақты негіздері көрсетілген. Мысалы, жалға алушы мүлікті елеулі түрде бүлдірсе немесе шартта белгіленген төлемді мерзімі өткеннен кейін екі реттен астам төлемесе, жалға беруші сот арқылы шартты мерзімінен бұрын бұзуды талап ете алады.
Қабылдау-тапсыру актісі
Пәтерді қабылдап алар кезде қабылдау-беру актісін шартқа қосымша ретінде жасаған дұрыс. Онда пәтердегі жиһаз, тұрмыстық техника, сантехника және басқа мүліктің тізімі, су, электр энергиясы мен газ есептегіштерінің бастапқы көрсеткіштері жазылады.
Жиһазда сызат, қабырғада дақ, техникада ақау немесе басқа да кемшілік болса, оны актіде нақты көрсетіп, фото және видеоға түсіріп алған жөн. Бұл пәтерді босатқан кезде бұрыннан болған ақаулар үшін жауапты емес екеніңізді дәлелдеуге көмектеседі.
Акт пен фото-видеоны сақтап қойыңыз. Себебі жалдау шарты тоқтаған кезде жалға алушы мүлікті қалыпты тозуын ескере отырып, алған кездегі күйінде қайтаруға міндетті.
Тағы оқыңыз:
Пәтер жалдамас бұрын нені ескеру керек? Құжат тексеруден бөлек маңызды 8 кеңес
Жалға алған пәтер кілтін ауыстыруға бола ма?
Қазақстанда бірнеше адам бірігіп пәтер сатып алуына бола ма?
