Алматының Жетісу ауданында қойма ғимаратынан өрт шықты. Қазір өрт жоғары шақыру деңгейі бойынша сөндіріліп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт Тобаяқов көшесіндегі қойма ғимаратында болған.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды
ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел штаб құрылып, жалынның таралуына жол бермеу мақсатында бірнеше өрт сөндіру учаскесі ұйымдастырылған.
Жетісу ауданында, Тобаяқов көшесінде алдын ала мәлімет бойынша қойма ғимаратында өрт шыққан. Өртті сөндіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін оқиға орнында жедел штаб құрылды. Өртті оқшаулау және оның таралуына жол бермеу мақсатында бірнеше өрт сөндіру учаскесі ұйымдастырылып, күштер мен құралдар жұмылдырылды, – деп хабарлады ТЖМ.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде ғимараттың ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған.
Өртті сөндіруге 60-тан астам маман жұмылдырылды
Қазіргі уақытта өрт орнында үш өрт сөндіру учаскесі жұмыс істеп жатыр.
Өртті сөндіруге Алматы қаласы ТЖД-ның 63 қызметкері мен 16 техникасы, «Алматы-1» жылу электр орталығының мамандары, «Су Арнасы», «Алматы Тазалық» қызметтері, сонымен қатар ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойызы мен арнайы автопоезд тартылған.
Қазіргі мәлімет бойынша, зардап шеккендер туралы 112 қызметіне ақпарат түскен жоқ. Оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.
