Басты бет / Жаңалықтар /
ba1522cf504b08199e7ce9f32697f9b5 Telegram мен WhatsApp арқылы вейп сатқан топтарға үкім шықты
Фото: Depositphotos

Telegram мен WhatsApp арқылы вейп сатқан топтарға үкім шықты

Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, оларды заңсыз әкелу және сатуға қатысты деректер анықталуын жалғастырып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тыйым салынған өнімнің негізгі тұтынушыларының қатарында жастар мен кәмелетке толмағандар бар. Бұл никотинге тәуелділіктің таралуына ықпал етіп, олардың денсаулығына қауіп төндіреді.

37 қылмыстық іс тергеліп жатыр

ҚМА мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз вейп саудасының 25 дерегі тоқтатылған. Қазір 37 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатты. Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды. Астанадағы департамент вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр. Өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет-дүкендер, сонымен қатар Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген, – делінген ҚМА хабарламасында.

Тергеу барысында қылмыстық топтың заңсыз әрекетін жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары пайдаланылғаны анықталған. Сатып алушыларға төлемнің мақсатын «тұрмыстық техника сатып алу» деп көрсету ұсынылған. Осы шоттар арқылы 3,2 млрд теңгеден астам қаржы өткен.

Заңсыз сауда ұйымдастырушыларына үкім шықты

Қарағанды облысында Telegram арқылы вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар екі жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Тергеу барысында төрт қойма, интернет-дүкен операторлары мен курьерлерден тұратын заңсыз схема анықталып, құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді.

Ал Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы заңсыз сатуды ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты сот айыптау үкімін шығарды. Олар ақша аударымдарын курьердің атына рәсімделген банк шоты арқылы жүргізген. Сот әрқайсысына төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен алынған табысты тәркілеу туралы шешім қабылдады.

Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сонымен қатар мұндай әрекеттен түскен табысты заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, – делінген агенттік хабарламасында.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook