Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне үміткерлердің ресми тізіміне енді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, оның кандидатурасы біліктілік және этикалық талаптарға сәйкестігі бойынша барлық қажетті тексеру рәсімдерінен өткен. Головкин Қазақстан ҰОК атынан ISSA атқарушы комитетінің 2026–2029 жылдарға арналған сайлауына кандидат ретінде ресми тіркелді.
Сайлау қашан өтеді?
ISSA атқарушы комитетінің жаңа құрамын сайлау 2026 жылғы 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының 15-ші Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылады.
ISSA қандай ұйым?
Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығы (ISSA) Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық олимпиада комитеттерін біріктіреді.
Ұйымның басты халықаралық жарыстарының бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары. ISSA спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық турнирлерді ұйымдастыруға және мүше елдердің олимпиадалық комитеттері арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған.
