«Қазгидромет» РМК алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстан аумағындағы ауа райына бірнеше барикалық түзілім ықпал етеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдымен солтүстік циклон еліміздің батысынан шығысына қарай жылжып, бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай және желдің күшеюіне себеп болады.
Жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі
Синоптиктердің болжамынша, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Сонымен қатар желдің екпіні күшейіп, ауа райы құбылмалы болады.
15 тамыздан бастап циклонның соңынан антициклон келеді. Соның әсерінен жауын-шашын тоқтап, Қазақстанның батыс өңірлерінде ауа температурасы төмендей бастайды.
Оңтүстікте +42 градусқа дейін ыстық болады
Еліміздің оңтүстігінде жауын-шашынсыз әрі өте ыстық ауа райы сақталады.
Қазақстанның оңтүстігінде ауа райы тұрақты түрде ыстық болады. Оңтүстік ауа ағындары жауын-шашынсыз ауа райы мен жоғары температуралық фонды сақтайды. Күндіз ауа температурасы +37…+42 °C-қа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады, – делінген «Қазгидромет» болжамында.
