Қазір тек ересектер емес, балалар да жасанды интелектіні жиі қолданады. Алайда кейбір балалар өзін мазалап жүрген мәселені ата-анасына айтпай, ЖИ арқылы шешуге тырысады. Ал енді бірі ЖИ-ді дипфейк бейне жасап, бір-бірін келемеждеу үшін қолданып жүр. Сондықтан цифрлы мүмкіндік артып, технология дамыған шақта баланы кибербулиңнен қорғау қажет.
Baribar.kz тілшісі халықаралық ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы басшысы Рашед Мұстафа Сарвар қатысқан баспасөз жиынына барды. Жиында еліміздегі бала құқығы, ЖИ этикасы мен инклюзивті білім беру жайлы мәселелер талқыланды.
Әр екінші бала 5-8 жасында интернет қолдана бастайды
Internet watch foundation ұйымының мәліметінше, небәрі бір айда балаларға қатысты сексуал зорлық-зомбылық сипатында 14 мың ЖИ бейне тараған. Ал ЮНИСЕФ-тің 10 елдегі талдауы бойынша, қазір кемінде 20 миллион бала ЖИ-ді тұрақты пайдаланады.
Қазақстанда әр екінші бала, шамамен бес-сегіз жас аралығында виртуал әлем бар екенін біліп, интернетті пайдалана бастайды. Балалардың 60%-ы интернетті сабақ оқып, білім алу үшін қолданып жүр. Сондықтан ата-ана балаға ерте жастан жеке деректі қалай қорғау керек екенін және интернетті тек дұрыс бағытта қолданған жөн боларын түсіндіруге тиіс. Осы тұста «Баланың интернетті, ЖИ-ді қолдануына тыйым салу мәселені шешуге ықпал ете ме?» деген сұрақ туындайды.


Жасанды интеллект балалардың бір-біріне әлімжеттік көрсетіп, манипуляция жасауына әсер етіп жатыр. Дегенмен біз жасанды интеллектіні қолдануға толық тыйым сала алмаймыз. Мәселені шешу үшін инновациялық дамуды да, балалардың қауіпсіздігін де қатар қамтуымыз керек. Өйткені цифрлы мүмкіндікті қолдануды шектеу мәселені толық шешпейді, тек оның салдарын сейілтуі мүмкін, — дейді Рашед Мустафа Сарвар.
Балалардың 92%-ы әлеуметтік желіге күніне бірнеше рет кіреді
Баланы виртуал әлемнен алыстатып, шектеген күннің өзінде олардың 92%-ы смартфон арқылы әлеуметтік желіге күніне бірнеше рет кіреді. Бөтен адамдар кәмелетке толмаған балаға ЖИ арқылы жасалған интим бейнесі мен дипфейк фотолары арқылы жәбір көрсетуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда жөнсіз шектеу мен нәтижесіз тыйым салудан бұрын, балаға цифрлық сауат қажет. ЮНИСЕФ өкілдерінің айтуына қарағанда, баланың сыни ойлау машығын қалыптастырып, оған технологияны қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануды үйретуіміз керек.

Баланың цирфлы қауіпсіздігі үшін мемлекет, мектеп, ата-ана мен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Өзге елдердің экономикалық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрмысы әртүрлі деңгейде болғандықтан, Қазақстанға бөлек жүйе мен жеке тәжірибе енгізген жөн, — дейді ЮНИСЕФ өкілі.
Қазақстанда 137 434 мүгедектігі бар бала тіркелген
Баспасөз жиынында инклизивті білім беру мәселесі де талқыланды. Қазақстанда 137 434 мүгедектігі бар бала тіркелген. Олардың 38%-ы мектепте білім алып жатыр. Ата-аналардың басым бөлігі (70%-ы) даму ерекшелігі бар балалардың балабақшаға барып, әлеуметтік ортаға бейімделгенін жөн көреді. Алайда топпен бірге білім алуға дайын балалардың үлесі — небәрі 33%.
Біз көшеде мүгедектігі бар балаларды жиі көрмейміз. Олар неге әдемі әлемді емін-еркін көре алмайды? Бұған қоғамдағы таптаурын, теріс көзқарас пен кемсіту амалы да әсер етуі мүмкін. Мүгедектігі бар баланың өздігінен газет оқып, су құю сынды қарапайым әрекетті істеуі өмірін біршама жеңілдетеді. ЮНИСЕФ ұйымының басты міндеті — білім беру мен технологияға қатысты кез келген өзгеріс, әлеуметтік бастама баланың мүддесі мен құқығына сай болуын қамту, — дейді ол.
Батыс Қазақстанда қайырымдылық іс-шарасы өтеді
Қоғамда мүгедектігі бар, даму қарқыны баяу ұл, қызы бар екенін айтуға арланатын немесе қымсынатын ата-аналар да бар. Тіпті кейбір ата-ана ойын алаңына мүгедектігі бар бала келген бойда сау баласын алыстатып, одан аулақ ұстауға тырысады. Мүгедектігі бар балалардың қоғамға бейімделуі үшін ЮНИСЕФ ұйымы Каспий балын өткізуді жоспарлап отыр. Каспий балы 2 қазан күні Ақтау қаласында өтеді. Іс-шарадан жиналған қаражат Батыс Қазақстандағы инклюзивті білім беру саласына және мүгедектігі бар балалардың дамуына жұмсалады.
