Даркнетте өзін shymzz13 деп таныстырған қолданушы Қазақстанның шамамен 15 миллион азаматына тиесілі деректер базасын сатылымға қойғанын мәлімдеді. Бұл ел халқының шамамен төрттен үшіне тең. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Желіде жарияланған мәлімет бойынша, деректер базасы 0,5 биткоинге (шамамен 32 мың АҚШ доллары) бағаланған. Көлемі 2,7 гигабайт болатын файлда 47 миллион жолдан тұратын ақпарат бар екені айтылған. Онда төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері мен құпиясөздер қамтылғаны көрсетілген.
Министрлік: eGov жүйесінің бұзылғаны расталған жоқ
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл ақпараттан хабардар екенін мәлімдеп, қазір жарияланған деректерге техникалық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қазір бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Ұсынылған деректер үлгілері талданып, олардың ықтимал шығу көзі анықталып жатыр. Қазір электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, жарияланған ақпараттың бір бөлігі eGov жүйесінде сақталатын деректердің құрылымы мен форматына сәйкес келмейді. Атап айтқанда, электрондық үкімет жүйесінде жарияланымда көрсетілген форматтағы төлқұжаттардың скан-көшірмелері сақталмайды.
Азаматтарға қандай сақтық шаралары ұсынылды?
Министрлік даркнет пайдаланушысының мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын дәлелдемейтінін атап өтті. Қазір техникалық тексеру жалғасып жатыр, оның нәтижесі бойынша қосымша ақпарат жарияланады. Осыған байланысты ведомство азаматтарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес берді. Атап айтқанда:
- SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеу;
- парольдер мен электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) деректерін үшінші тұлғаларға жария етпеу;
- күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- әртүрлі сервистер үшін әртүрлі құпиясөздерді пайдалану.
