Алматының Жетісу ауданындағы Adem сауда орталығында қалалық кітапханалардың жаңа кітап беру пункті ашылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасы аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жүзеге асырылды. Оның негізгі мақсаты – қала тұрғындары үшін кітаптың қолжетімділігін арттыру, кітап оқуға қызығушылық қалыптастыру және оқу мәдениетін дамыту.
Салтанатты ашылу рәсіміне жазушы Нұрдәулет Ақыш, ақындар Бақыт Беделхан, Серік Қали, Мұратхан Шоқан, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы, мәдениет саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жаңа кітап беру пунктін Жанасыл Сабырұлы мен Нұрдәулет Ақыш ашып, қаламгерлер өз кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты, — делінген хабарламада.
Қорда 2 мыңнан астам кітап бар
Алматы кітапханаларының №14 филиалының меңгерушісі Зарина Айдосқызы бұл бастама кітапхана қызметін тұрғындарға бұрынғыдан да жақындататынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, жаңа форматтағы кітап беру пункттері кітапхананың дәстүрлі кеңістіктен шығып, адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуына мүмкіндік береді.
Бүгінде жаңа пункттің қорында 2 мыңнан астам кітап бар. Ол сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 09:00-18:00 аралығында жұмыс істейді.
Айта кетейік, қазір Алматыда 39 кітапхана жұмыс істейді. Оның 30-ы – қалалық кітапхана болса, жеті кітапхана тәулік бойы оқырман қабылдайды. Сонымен қатар қаладағы адам көп жиналатын орындарда 32 өзіне-өзі қызмет көрсететін дербес кітапхана жұмыс істеп тұр.
