Басты бет / Білім /
мектеп, оқушы, алғашқы қоңырау
Бірінші сыныпқа қабылданған балалар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бірінші класс оқушыларының басым бөлігі қазақ тілінде білім алады

Қазақстанда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жалғасып жатыр. 2026–2027 оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Қазіргі уақытта болжанған оқушы санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектепке қабылданған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Балалардың басым бөлігі мемлекеттік мектепті таңдаған

Қабылданған бірінші сынып оқушыларының шамамен 296 мыңы мемлекеттік мектептерге, ал 23 мыңға жуығы жекеменшік білім беру ұйымдарына қабылданды.

Олардың ішінде:

  • 191 мыңға жуық бала қала мектептеріне;
  • 128 мыңға жуық бала ауыл мектептеріне;
  • 4 мыңға жуық бала ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған білім беру ұйымдарына қабылданды.

Бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі қазақ тілінде білім алады

Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, ал шамамен 2,5%-ы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған.

Өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Оқушы, мектеп, сынып, школа, балалар
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Құжаттарды қабылдау қашан аяқталады?

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 2026 жылғы 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады.

Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес пилоттық жоба аясында кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Ата-аналар өтінішті электрон форматта немесе мектепке тікелей барып бере алады. Қазіргі таңда өтініштердің 84%-ға жуығы электрон форматта қабылданған.

Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады.

Бірінші сыныпқа баратын балалар саны қай өңірлерде басым?

2026–2027 оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны бойынша алдыңғы қатарда халық саны көп әрі туу көрсеткіші жоғары өңірлер тұр.

Алғашқы бестікте:

  • Түркістан облысы – 50 мыңнан астам бала;
  • Алматы облысы – 35 мыңнан астам;
  • Астана – 33 мың;
  • Алматы – 31 мыңнан астам;
  • Шымкент – 29 мыңнан астам бала.

Жалпы алғанда, жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп партасына отырады деп болжанады.

Тағы оқыңыз:

Мектеп формасына қандай талап қойылады? Оқу-ағарту министрлігі жауап берді

Дәптерге баға қойылады. Бастауыш кластарда бағалау жүйесі өзгереді

Қазақстан мектептеріндегі екі пән атауы өзгереді: оқушылар жасанды интеллектіні меңгереді

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook