Қарағанды облыстық соты мектептің екі бухгалтеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша апелляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бухгалтерлер директорлардың ЭЦҚ-сын заңсыз пайдаланған
Сот мәліметінше, айыпталушылардың бірі 2010 жылғы қаңтардан 2024 жылғы маусымға дейін №33 мектепте бас бухгалтер, екіншісі бухгалтер болып жұмыс істеген.
Тергеу барысында олардың мектеп директорларының электрондық цифрлық қолтаңбаларын (ЭЦҚ) заңсыз пайдаланып, бюджет қаражатын жүйелі түрде өздеріне аударып отырғаны анықталған. Сот-экономикалық сараптама қорытындысына сәйкес:
- бас бухгалтер 203,2 миллион теңгеден астам қаржыны;
- екінші бухгалтер 113,1 миллион теңгеден астам қаражатты үстемеақы, жәрдемақы және басқа да төлемдер ретінде заңсыз иемденген.
Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды
Бірінші сатыдағы соттың үкімімен:
- бас бухгалтер алты жылға;
- екінші бухгалтер жеті жылға бас бостандығынан айырылған.
Сонымен қатар екеуі де бесжыл мерзімге мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда бухгалтерлік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот келтірілген материалдық залалды өндіру туралы шешім шығарып, оны ерікті түрде өтеуге алты ай мерзім белгіледі. Сонымен қатар бас бухгалтердің жылжымайтын мүлкіне салынған тыйым күшінде қалдырылды.
Қарағанды облыстық сотының сот алқасы істі апелляциялық тәртіппен қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
