Жаңа оқу жылы қарсаңында денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға мектеп рюкзагын таңдағанда оның салмағына ерекше мән беруді кеңес етті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Рюкзак баланың салмағының 10%-ынан аспауға тиіс
Министрліктің мәліметінше, оқулықтар, дәптерлер және басқа да оқу құралдары салынған рюкзактың жалпы салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспағаны жөн. Мысалы, егер оқушының салмағы 30 келі болса, толық жиналған мектеп сөмкесі 3 келіден ауыр болмауы керек.
Сонымен қатар мамандар бос рюкзактың салмағы 1 килограмнан аспауын ұсынады.
Әр класс үшін ұсынылатын салмақ қандай?
Министрлік оқушының жасына қарай оқу құралдарының мынадай салмағын ұсынады:
- 1–3 класс – 2 кг-ға дейін;
- 4–5 класс – 2,5 кг-ға дейін;
- 6–7 класс – 3,5 кг-ға дейін;
- 8–11 класс – 4,5 кг-ға дейін.
Ведомствоның айтуынша, мектеп сөмкесі жеңіл, баланың бойына сәйкес келетін және арқасына ыңғайлы орналасуға тиіс. Сонымен қатар рюкзак иыққа артық күш түсірмей, белден тым төмен салбырап тұрмауы қажет.
