Алматылық «Қайрат» чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Болгарияның «Левски» клубынан жеңіліп, турнирдегі өнерін аяқтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Левски» екі матчта да жеңіске жетті
Қарымта кездесу 11 тамызда Түркістан Аренада өтті. Матчтың тағдырын бірінші таймда соғылған жалғыз гол шешті. 13-минутта болгариялық клубтың шабуылшысы Рейналдо алыстан дәл соққы жасап, есеп ашты.
Екінші таймда «Қайрат» шабуылын үдеткенімен, есепті теңестіре алмады. Ал қонақтар есепті ұлғайтуға да жақын болды: Рейналдоның добы қақпа маңдайшасына тисе, Сержинью бағананы дәл көздеді.
Кездесу «Левскидің» 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Алғашқы матч та дәл осындай есеппен Болгария клубының пайдасына аяқталған болатын. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша «Қайрат» 0:2 есебімен чемпиондар лигасымен қош айтысты.
Енді «Қайрат» Еуропа лигасында ойнайды
Рафаэль Уразбахтин жаттықтыратын команда енді Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді.
Алматылық клуб Бельгияның «Андерлехт» және Грекияның ПАОК командалары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Алғашқы ойында «Андерлехт» сырт алаңда 1:0 есебімен басым түсті. Егер «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңінен өте алмаса, онда Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады.
Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» чемпиондар лигасының іріктеуінде Черногорияның «Сутьескасын» екі матчтың қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңіп, Кипрдің «Омониясын» пенальти сериясында (6:5) жарыс жолынан шығарған еді.
