14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтетін Kanye West-ің концерті кезінде полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стадион аумағы мен оған жақын маңда қосымша патрульдер кезекшілік атқарады.
Концертке 40 мыңнан астам адам келеді
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, концертке 40 мыңнан астам көрерменнің келуі күтіліп отыр.
Көрермендердің стадионға ұйымдасқан түрде кіруі үшін үш жағынан 40 кіреберіс ұйымдастырылады. Билеттерді тексеру сағат 16:00-де басталады.
Стадион аумағына тек билеті немесе аккредитациясы бар азаматтар ғана жіберіледі. Барлық келуші қауіпсіздік тексеруінен өтеді.
Қоғамдық көлік пен шаттлдар қатынайды
Полиция өкілдері көрермендерден алдын ала қай кіреберіс арқылы кіретінін анықтап, полиция қызметкерлерінің, қауіпсіздік қызметі мен еріктілердің нұсқауларын орындауды сұрады.
Концерт аяқталғаннан кейін тұрғындардың тарауына қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық көлік жұмысы ұйымдастырылады, сонымен қатар қосымша шаттл автобустары қатынайды.
