Алматыны Қытай нарығында танытуға бағытталған халықаралық туристік науқан 75,3 миллионнан астам адамды қамтып, жоспарланған көрсеткіштен 107%-ға жоғары нәтиже көрсетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Air Astana билеттерінің сатылымы 20 есе артты
Алматының туризм басқармасының мәліметінше, Visit Almaty, Trip.com Group және Air Astana бірлесіп ұйымдастырған науқан аясында Қытайдағы ең ірі туристік платформалардың бірі – Ctrip арқылы Алматы бағытына әуе билеттерін сатып алу көрсеткіші екі айдың ішінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 есе өскен.
Мамандар мұны Қытай мен Алматы арасындағы тікелей әуе рейстеріне сұраныстың айтарлықтай артқанымен байланыстырады.
Науқан барысында Trip.com сервистері, әлеуметтік желілер, танымал тревел-блогерлер және арнайы әуе ұсыныстары пайдаланылды. Сонымен қатар туристерге Алматының табиғаты, гастрономиясы, мәдени іс-шаралары мен белсенді демалыс орындары туралы ақпарат қамтылған бірыңғай цифрлық гид ұсынылды.

Қытайлық туристер қай жерлерді көбірек таңдайды?
Талдау нәтижесі қазіргі қытайлық саяхатшылардың көбіне жеке саяхаттап, белсенді демалысты қалайтынын көрсетті. Ең танымал бағыттардың қатарында:
- Шымбұлақ;
- Көлсай көлдері;
- Үлкен Алматы көлі бар.
Науқанның негізгі аудиториясы – 35–49 жас аралығындағы туристер. Сонымен қатар 25–34 жас санатындағы саяхатшылар арасында қызығушылықтың артып келе жатқаны байқалған. Олар тау туризміне, жаяу бағыттарға және тау шаңғысы инфрақұрылымына ерекше қызығушылық танытады.
Алматыға келетін қытайлық туристердің басым бөлігі Бейжің, Шанхай, Үрімші, Гуанчжоу, Чэнду және Сиань қалаларынан келеді.
Туризм басқармасының мәліметінше, науқан нәтижелері Алматының халықаралық туристік нарықтағы позициясын күшейтіп, жаңа туристік өнімдерді дамытуға және қалаға келетін шетелдік туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.
