25 тамыздан бастап электрсамокатпен тротуар мен жаяу жүретіндер жолымен жүруге болмайды. Енді электросамокатты қайда айдауға болады және қандай талаптарды білу керек? Baribar.kz түсіндіріп береді.
ҚР ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, электрсамокат, ең алдымен, велосипед жолағымен жүруі керек.
Ондай жол болмаса, қазіргі ереже бойынша, самокатпен жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүретіндер жолымен жүруге болады. Алайда 25 тамыздан бастап тротуар мен жаяу жүретіндер жолында электрсамокат айдауға тыйым салынады.
25 тамыздан кейін қайда айдауға болады?
Негізгі бағыттар:
- велосипед жолы;
- ондай жол болмаса, жолдың оң жақ шеті.
Ал жол жиегімен жүруге 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және басында арнайы дулығасы бар адамдарға ғана рұқсат етіледі.
Қазіргі талап қандай?
25 тамызға дейін электрсамокатпен тротуар немесе жаяу жүретіндер жолымен жүруге болады. Алайда мұндай жағдайда жылдамдық сағатына алты шақырымнан аспауға тиіс.
Ал жаңа талап күшіне енгеннен кейін бұл мүмкіндік жойылады. Сондықтан самокат айдайтындарға қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, велосипед жолы мен жол жиегімен жүруге тура келеді.
Тағы қандай шектеу бар?
Электрсамокатпен:
- жолаушылар мен жүк тасымалдауға;
- жаяу жүретіндер өткелінен самокаттан түспей өтуге;
- қараңғыда жарық қайтаратын элементтерсіз автомобиль жолымен жүруге болмайды.
1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокатқа қатысты қосымша талап енеді. Әр самокатқа тіркеу нөмірі беріліп, қолданатындар үшін сақтандыру полисі міндеттелді. Кикшериң компаниялары самокаттың техникалық жағдайын, жылдамдығы мен орналасуын бақылауға тиіс.
Ең бастысы, 25 тамыздан бастап электрсамокатпен тротуар мен жаяу жүретіндер жолына шығуға болмайды. Сондықтан самокат айдайтындар велосипед жолағын немесе талаптарға сай жолдың оң жақ шетімен айдауы керек.
