Алматы қаласы мен Алматы облысында полиция есірткі таратумен айналысты деген күдікпен бірнеше адамды ұстады. Жедел іс-шаралар барысында 2 келі мефедрон мен сатуға дайындалған 130 орама есірткі тәркіленді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция көліктен 130 орама есірткі тапты
Polisia.kz мәліметінше, ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі жеткізу және тарату арналарына қарсы іс-шараларды жалғастырып жатыр.
Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері 33 жастағы ер адамды ұстаған. Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған 130 орама табылып, тәркіленген. Ал оның тұрғылықты жерін тексеру барысында:
- есірткі заттары;
- электрон таразы;
- қаптама материалдары;
- есірткіні бөлшектеп орауға арналған басқа да құралдар табылған.
Тәркіленген мефедрон 10 мың бір реттік дозаға тең
Сонымен қатар Алматы облысында ірі көлемдегі есірткі жасырылған орын анықталған.
Полицияның мәліметінше, тәркіленген заттың жалпы салмағы 2 келі мефедрон болған. Бұл шамамен 10 мың бір реттік дозаға тең.
Ведомствоның хабарлауынша, ірі көлемдегі есірткі полицияның жедел әрекетінің арқасында заңсыз айналымға түспей, тұтынушыларға жетпеген. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңнамаға бойынша, оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
