Қазақстанда әлеуметтік қолдау көрсету жүйесіне жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әлеуметтік қолдау проактивті форматқа көшеді
Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудағы басты мақсат – азаматтардың өтініш беруін күтетін жүйеден проактивті модельге көшу.
Жаңа тәсіл бойынша мемлекет азаматтың әлеуметтік қолдауға мұқтаж екенін алдын ала анықтап, қажет көмекті көрсету процесін автоматтандырады. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасы. Бұл жүйе қолдау шараларын тағайындау, шешім қабылдау және төлемдерді жүзеге асыру үдерістерін бір платформаға біріктіреді.
Енді азаматқа көптеген анықтама жинаудың қажеті жоқ. Бір ғана өтініш берілсе, қажетті ақпарат мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылғы маусымынан бастап платформа еліміздің барлық 20 өңірінде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Қазір ол арқылы жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 мемлекеттік қолдау шарасы цифрлық форматта ұсынылады.
Жасанды интеллект алушыларды алдын ала анықтайды
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, тамыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдар көрсететін біржолғы мемлекеттік қолдау шараларына үміткерлерді жасанды интеллект алдын ала анықтап, төлем тағайындау жобасын қалыптастырады.
Бұл ретте әлеуметтік төлемді тағайындау туралы соңғы шешімді бұрынғыдай жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Сонымен қатар:
- қыркүйек айында eGov Mobile арқылы өтініш беру мүмкіндігі іске қосылады;
- қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын азаматтардың нақты мұқтаждық деңгейіне қарай нысаналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект әлеуметтік төлемдердің қолжетімдігін арттырумен қатар, алаяқтықтың алдын алуға да ықпал етуге тиіс екенін атап өтті.
