2026 жылғы шілде айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 37 158 мәміле тіркелді. Бұл маусым айымен салыстырғанда 4,9% аз. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ең көп мәміле Алматы мен Астанада жасалған
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында тұрғын үй нарығындағы ең жоғары белсенділік:
- Алматыда – 7 263 мәміле (19,5%);
- Астанада – 6 999 мәміле (18,8%);
- Қарағанды облысында – 2 688 мәміле (7,2%) тіркелді.
Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында байқалды. Өңірде небәрі 311 мәміле жасалған. Маусыммен салыстырғанда мәмілелер санының ең жоғары өсімі:
- Шымкентте – 14,2%;
- Батыс Қазақстан облысында – 14%;
- Жамбыл облысында – 11,5% болды.
Ал ең үлкен төмендеу:
- Маңғыстау облысында – 33,7%;
- Қарағанды облысында – 28,7%;
- Түркістан облысында – 22,4% тіркелді.
Пәтерлер мен жеке үйлерге сұраныс төмендеген
Шілде айында көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй бойынша 28 575 мәміле жасалып, бұл жалпы мәмілелердің 76,9%-ы болды. Маусыммен салыстырғанда пәтерлерді сатып алу-сату көлемі 2,9% азайған. Ең көп сатылған тұрғын үй түрі – екі бөлмелі пәтерлер. Олар бойынша 11 056 мәміле тіркелді. Жеке тұрғын үйлер нарығында да төмендеу байқалды. Шілдеде 8 583 мәміле жасалып, бұл маусым айымен салыстырғанда 10,8% аз, — делінген хабарламада.
Жылдық көрсеткіш бойынша да тұрғын үй нарығының белсенділігі төмендеген. 2025 жылғы шілдемен салыстырғанда мәмілелер саны 6,5%-ға, ал 2026 жылғы қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша 2,6% азайды.
