14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда Kanye West-ің концерті өтеді. Соған орай қала орталығында көлік қозғалысы уақытша шектеліп, 32 автобус пен троллейбус бағытының қозғалыс бағыты өзгереді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қай көшелерде қозғалыс шектеледі?
Қалалық жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, 14 тамыз сағат 16:00-ден 00:00-ге дейін:
- Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінде – Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін;
- Байтұрсынов көшесінде – Шевченко көшесінен Тимирязев көшесіне дейін автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Қандай бағыттар өзгереді?
Шектеу кезінде 26 автобус пен алты троллейбус, жалпы 32 қоғамдық көліктің бағыты уақытша өзгереді.
Бұл мына бағыттар:
Автобустар: №3, 18, 21, 25, 30, 34, 44, 57, 62, 65, 66, 79, 90, 92, 95, 98, 118, 120, 120А, 121, 128, 130, 209, 210, 211 және 224.
Троллейбустар: №ТП5, ТП6, ТП7, ТП9, ТП19 және ТП25.
Бұл бағыттар жөнделіп жатқан аймақты айналып өтетін уақытша қозғалыс схемасы бойынша жүреді.
Қала әкімдігі тұрғындардан сапарын алдын ала жоспарлап, қоғамдық көлік қозғалысындағы уақытша өзгерістер мен жол жүру уақытының ұзаруы мүмкін екенін ескеруді сұрады.
