Басты бет / Жаңалықтар /
аэропорт, саяхат, күту залы, әуежай
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

219 млн теңге шығын: Ақтөбеде 60-тан астам адам шетелге ұша алмай қалды

Ақтөбеде ондаған тұрғын шетелге демалуға сатып алған турларының күші жойылып, төлеген ақшаларын әлі күнге дейін қайтара алмай жүргендерін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Астана» телеарнасының мәліметінше, полиция алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

60-тан астам адам зардап шеккен

Жәбірленушілердің айтуынша, олар туристік компанияға таныстарының ұсынысымен жүгініп, Мысыр, Түркия және Грузияға жолдамалар сатып алған. Кейбір турлардың құны 2 миллион теңгеге дейін жеткен. Алайда ұшар алдында туристерге сапарларының тоқтатылғаны хабарланған.

Ақтөбе тұрғыны Асылбек Дүйсенбеков отбасы үшін 5–13 тамыз аралығына Анталияға жолдама сатып алғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, отбасы Алматыға дейін жеткенімен, уәде етілген әуе билеттерін ала алмаған.

Жәбірленушілердің мәліметінше, бұл жағдайдан 60-тан астам адам зардап шеккен. Ал қайтарылмаған қаражаттың жалпы көлемі 219 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Полиция күдіктіні іздеп жатыр

Туристердің айтуынша, компания өкілдері байланысқа шықпайды, ал туристік фирма орналасқан кеңсе мөрленген.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталған. Қазір оның жүрген жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram